«HALAL EXPO-2023» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен III рет ұйымдастырылған халықаралық «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі қорытындыланды.

Алматы қаласында өткізілген көрмеге Индонезия мен Малайзия, Қырғызстан мен Өзбекстан, Ресей мен Татарстан, Беларусь пен Моңғолия сияқты әлемнің 9 елінің өкілдері мен отандық ең үздік 100 кәсіпорын қатысты. Екі күн аясында 20 мыңға жуық адам көрмеге келіп, отандық және шет елдік халал өнімдермен танысты. 

Ұлт пен ұлыстардың басын қосып, өндірушілер мен тұтынушылардың арасын жалғаған халықаралық көрмеде 7 тоннаға жуық шұжық өнімдері, 11,5 тоннаға жуық құс өнімдері, 6 тоннадай кондитерлік өнімдер, 3 тоннадан астам жартылай фабрикаттар, 4 тоннаға жуық сусындар (кофе, шәй, сироптар), 9 тонна сүт өнімдері,  5 тоннаға жуық ет өнімдері сатылды. Сонымен қатар, көрменің нәтижесінде кәсіпорындар арасындағы әріптестік байланыс нығайып, өзара меморандумға қол қойылды. Әсіресе, құс фабрикалары  мен шұжық цехтары арасындағы келісім нәтижесінде шет елдік құс өнімдеріне деген тәуелділік мәселесі оң шешімін тапты. Және де осы көрме аясында «Халал Еуразиялық Одақ» ұйымының форумы өткізілді. Форумда ортақ халал стандартын бекітіп, сол бойынша бірігіп жұмыс жасау ұсынылды.

Көрме тұтынушыларға отандық және шет елдік кәсіпорындардың қызметімен танысуға, қолжетімді бағада халал өнімдерімен сауда жасауға мүмкіндік берді. Халал индустриясын дамыту, халықаралық байланысты нығайту, түрлі өнімдерді танытуда көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың оң бағасын алған халықарылық көрме келер жылы да жалғасын табады.