БАС МҮФТИ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІН ӨТКІЗДІ (ФОТО)

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі өтті.

Жиынға Діни басқарма ұжымы мен ірі қалалар, облыстардағы өкілдіктердің бас имамдары қатысты. Мәжілісте ҚМДБ Төрағасы қоғамның індетіне айналған лудомания, яғни құмар ойынға салынып кетудің алдын алуға рухани іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ еліміздің ұлттық мерекесі Республика күнін тиісті деңгейде атап өтіп, ҚМДБ тарапынан халыққа жақсы көңіл-күй сыйлау, қайырымдылық шараларын өткізу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

«Ұлттық мерекеміз Республика күніне орай арнайы мерекелік ролик әзірлеп, мешіттер ауласында әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қолөнер өнімдері, каллиграфия көрмелерін жасау, мешіттер ауласында, саябақтарда жамағаттың көмегімен сенбілік жасау, Орталық мешіт ауласында киіз үйлер тігіп, ұлттық ойындар ұйымдастыру қажет. Еріктілердің көмегімен қарт кісілерге азық-түлік себеттерін үлестіріп, балаларға арнап батут пен ойын әткеншектерін қойып, түрлі ойындар ұйымдастыру, бүлдіршіндерге «Балаларға базарлық» тәттілерін мешіт алаңында тарату, ұлттық нақышта қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастыруды тапсырамын. Ең үлкен шарамыз – Бас мешітте «Республика күніне орай Құран Кәрімді жатқа оқудан І Халықаралық байқау» өткізуді жоспарлап отырмыз» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ Төралқа мәжілісінде «Хусамуддин ас-Сығанақи» атындағы Ислам институтының директоры Бағдат Манабаев талапкерлерді қабылдау мәселесіне қатысты баяндама жасады және Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев елімізде жаңадан салынған мешіттерге берілетін атаулар жөнінде баяндады. Одан бөлек Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқармадағы кадрлық ауыс-түйістерді атап өтіп, жаңадан тағайындалған бөлім басшылары мен сектор меңгерушілерін таныстырды.