Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
Бүгін, 5 қыркүйек – ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының дүние есігін ашқан күн.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухының қоңырауы болған «Қазақ» газетіне жазған мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі.
Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» дейді.
Алла Тағала ұл-қыздарымызды саналы, тәрбиелі етіп өсіруді жазғай. Ұлт үшін жанын пида етіп, халықты ағарту ісінде аянбай еңбек еткен арысымыз – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың алды жарық, мекен жайы жұмақ болғай.
Ұлт ұстазының туған өлкесі Ақкөл ауылында мешіт салынуда. Алла қаласа сол жаңа мешітке Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі. Жаратушы Иеміз баршамызға жаңа мешіттің ашылуына куә болуды нәсіп еткей. Әмин!