Жаңа 2023-2024 оқу жылы басталды

1 қыркүйек – Білім күні «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде жаңа 2023-2024 оқу жылының басталуына орай оқу орнының директоры, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев бастаған ұстаздар қауымы шәкірттермен жиын өткізді.

Медресе директоры студенттерге жаңа тағайындалған орынбасары мен  ұстаздарды таныстырып өтті. Бұл уақытқа дейін Шу ауданының бас имамы қызметін атқарып келген білікті маман Бахтияр Амиреев медресе-колледжге директордың орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап шәкірттерге осы оқу орынының түлегі, Нұр Мүбәрак университетін тәмәмдап келген Дархан Тастанбеков  пен Сарыағаш медресе-колледжі және Нұр Мүбәрак университетін бітірген қари Бауыржан Токтаганов дәріс береді.

Білім алудың маңыздылығы, дін ілімі турасында насихат айтып, білім иесінің артықшылығы туралы уағызымен ұстаздар студенттерге мотивация берді. Бас имам жаңа оқу жылына арнап дұға етіп, жастарға батасын берді. 

Айта кетейік, «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде 1 Дінтану ғылымдарының Phd докторы, 2 магистр, 4 бакалавр, 1 орта білімді оқытушылар дәріс береді. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі