БАС МҮФТИ БАҒДАРЛЫҚ БАЯНДАМАДА ТАПСЫРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ (ФОТО)

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ Орталық аппаратының кезекті жиыны өтті.

Жиында наиб мүфтилер – Ершат Оңғар, Санзыбай Құрбанұлы мен Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, сондай-ақ Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы мен Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл ҚМДБ Төрағасының жыл басында жариялаған бағдарлық баяндамасындағы бастамалардың орындалу барысын, осы уақытқа дейін атқарылған және жыл соңына дейін жүзеге асатын игі істерді атап өтті.

«Жыл басында жолдаған Бағдарлық баяндамамда студенттерге арналған мүфтият жатақханаларын ашу, шалғай өңірлердегі, ауыл-аймақтағы дін қызметкерлері, имамдар мен әйел ұстаздарға Діни басқарма тарапынан жалақы бөлу, зағип жандарға Құран үйрету, мүгедектігі бар кісілердің мешітке емін-еркін келіп-кетуіне жағдай жасау сынды бастамаларды атап өттім. Аллаға шүкір, жұмыстар жоспарға сай уақытылы орындалып жатыр. Кейбірі көп уақыт пен қаржыны қажет ететінін де түсініп отырмыз. Дегенмен Алла Тағаланың жәрдемімен, дін қызметкерлерінің ауызбіршілігімен ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти Діни басқарма қызметкерлеріне және облыс бас имамдарына жұмысты жетілдіре беруді тапсырды.