Кеше Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Алатау ауданындағы «Д. Қонаев» мешітінің жанынан жоспармен салынған мәйітхана ашылуына қатысты.
Жыл басында ҚМДБ Төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құрылған «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы бүгінгі талап пен талғамға сай қызмет атқаруын жетілдіріу тапсырылған болатын. Бұл әсіресе ірі мегаполис саналатын Алматы тұрғындарының көптен күткен сұранысы болатын.
Тіршілік сағатының соңғы секунды соғып, бақилыққа аттанатын көп пенденің мәңгілікке сапарының алғашқы бекеті мәйітхана болады. Ал, қазіргі кезде жерлеу рәсімдерінде ұлттық дәстүр ерекшеліктері сақталғанымен, ысырапшылдық пен бәсекелестікке түсіп жатқандар баршылық. Жерлеу рәсімі – қайтыс болған кісіні жер қойнына беру ғана емес, шариғаттағы ережелерді сақтай отырып, денсесін дұрыс сақтау, жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу.
Мәйітхана ашылуына қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы, ҚМДБ «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының Алматы қаласының филиал директоры Талғат Сапанов және орталыққа жауапты мамандар мен қала мешіттерінің бірқатар имамдары қатысты.
Сонымен қатар жиында марқұмның жаны шыққаннан денесі көмілгенге дейін әрі қарай садақа, құдайы ас секілді рәсімдерді өткізу үшін тек мешітте бұйрығы бар, бекітілген арнайы имам-молдалардың болуы шарт екенін халық арасында насихатталу қажеттілігі жайлы ескертілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі