НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ АҚЖАЙЫҚ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Ақжайық өңірінің дамуына атсалысып келе жатқан белсенді жастармен, қоғамға оң ықпалын тигізіп жүрген еріктілермен жүздесті.

Бас мүфти кездесу барысында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл дінімізді насихаттау барысында жастарға әрдайым қолдау білдіргенін, сахабалар да қандай да бір қиын мәселе сөз болғанда жастардың пікірін сұрағанын атап өтті.

“Қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші жастар болған. “Асыл тастан, ақыл жастан” дегендей, қай қоғамда да жастар жаңаруға, жақсаруға ұмтылып, негізгі қозғаушы күшке айналған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жастарға әрдайым қолдау білдіріп келеді. Бүгінде мүфтияттың Уағыз-насихат бөлімі жанында Жастар ісі секторы жұмыс істейді” дей келе сектордың насихат, қоғаммен байланыс, ағарту, салауатты өмір салтын насихаттау бағыттында атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

ҚМДБ Төрағасы сондай-ақ еріктілердің өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті. “Бүгінде еріктілеріміз қоғамның нағыз қамқоршылары мен жанашырларына, бейбітшілік пен мейірімділіктің елшісіне айналды. Волонтерлер мен барша қайырымды жандарға Алла жар болсын!“ деді Бас мүфти.

Жиын соңында жастар Бас мүфтиге өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, лайықты жауап алды.