Алланың бұйрығымен Орал орталық мешітінде баспасөз қызметімен бірге оқу ордасында білім бере жүріп, 13 жыл ниеттеніп, аянбай еңбек етудің арқасында жұбайым екеуіміз үлкен қажылық сапарымызды өтеп келдік!
Сапарымыз сәтті болып, арман қаламыз Алматы қаласына пойызбен жетіп, қасиетті мекенге ұшар алдында, әуежайға келгенде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, қарсы алған кездегі қуанышымызды көрсеңіз ғой, шіркін! Тілмен жеткізу мүмкін емес.
Дінбасымыз Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған үлкен қажылық сапарын өтуге бара жатқан исі мұсылман жамағаттарына қажылық турасында уағыз-насихатын кеңінен айтып, қиыншылық кезінде сабырлы болуды жеткізіп, Алланың арнайы шақырған қонағы болып, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ізгі-амалын бұлжытпай орындап, елге аман-есен келуімізді тіледі.
Хазретіміз Наурызбай қажының қасында тұрғанымда өте сабырлы, байсалды, көркем мінезді, өте қарапайым жан екенін байқадым. Жиналған қауым жүрек түбіндегі сауалдарын жолдап, бірі бата сұраса, бірі кішкентай бөбектерге елге пайдасы тиетін атымтай жомарт жан болсын деп дұға жасауды өтініп жатқандығын көрдім.
Сонымен бірге көпшіліктің сұранысы бойынша жеке де, көпшілікпен де бірге естелік суретке түсіп, ортада өте мейірімдігі мен қарапайым жан екендігін көрсетті. Әр жанның көңілін бірінші орынға қоятындығын байқадым. Наурызбай қажының ақбатасы мен қасиетті аттандық.
Ал енді қасиетті мекен Меккедегі хазіреттің жұмысына таң қалдым. Елімізден 18 қажылық компаниямен келген 4000 қажының қонақ үйлеріне арнайы барып, күні бойы уағыз айтып, ыстық күндегі еңбегі адамды тебірентпей қоймайды. «Қазіргі уақытта қажылық миссиясы құрамында жүрмін, менің де сіздер сияқты үлкен қажылық өтеуіме дұға тілеңіздерші» деген өтінішін жасырмады. Мақсаты – қазақ елінен келген мыңдаған адамның құлшылықтары қабыл болған қажылық болсын дегені ниеті кеңдігін көрдім.
Наурызбай қажы Тағанұлы, мүфтидің бірінші орынбасары Ершат Оңғар, қажылық миссиясының төрағасы Смайыл Сейітбек, ақпарат саласының басшысы Ағабек Қонарбайұлы бауырымыз бен діни басқарманың білімді мамандарының еңбектері өлшеусіз. Діни басқарма бекіткен бес бағыт бойынша уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру үйлестіру, пәтуа беру, ақпарат тарату бойынша қызмет жұмыстары өте қарқынды болды.
Қажылық кезінде шайтанға лас лақтыратын жерге жаяу баратын болғасын жұбайымды дәрігерге тексерту мақсатында апардым. Дәрігерлер бізге таң қалып, алдын ала келіп, тексерілу өте орынды екенін айтты. Дәрі-дәрімекті тегін беріп, ақыл-кеңестерін айтып, ақ ниеттерін білдіріп, жылы жүзбен шығарып салды.
Бірде таң намазынан кейін таза ауада серуендеп келе жатсам, алдымнан хазретті көріп, амандастым. Ал, Наурызбай қажымыз «Сіздің көңіліңіз қалай?» деп іш бауырымызға кіріп, жағдайымды сұрап, ақыл кеңесін айтып, ыстық пен суықтан қорғаныңыздар деп жанашырлық ниетін көрсетті. Бірде Ағабек Қонарбайұлы екеумізді көріп, қасиетті мекенде жүріп, көп дұға жасап, құлшылықтарыңды атқарыңдар деп ақыл-кеңесін аямады. Әр қажымен кездесуінде қажылық миссиясының білікті мамандары рухани уағыздарымен, әр топта Бас мүфтидің бекіткен әр облыс және қала имамдары бес уақыт намаздарын жүргізіп, қажыларға ақыл-кеңестерін айтудан кем болған жоқ.
Қажылық кезінде Бас мүфти мен имамдардың айтқандарын орындап жүргендер қиыншылықтары жеңе білді. Кейбір қажыларымыз білмей, имамдарымыздың айтқан тілін алмай, адасып, қиыншылыққа тап болғандары бар. Қажылық сапарда ортадан сайланған әмірге бой ұсыну керектігін Бас мүфтиіміз бен топ жетекшілеріміз, имамдары айтудан жалыққан емес. Біз қажылық өтесек, олар қажылықтармен бірге, уағыз-насихат, сұрақ-жауап, пәтуа секілді жұмыстарын бірге атқарды.
Қажылық сапарда Дінбасымыздың қазақ рухиятына жасаған еңбегі терең екендігін түсіндім. Ол кісіге бен қажылық миссиясының ұжымына алғысымды айтып, имандылық жолындағы еңбектеріне мол сауаптан жазсын дегім келеді!
Нұрлан қажы САМАТҰЛЫ,
Орал қаласы