Жаңадан отбасын құрған жас жұбайлар шаңырақтарынан іңгәләған сәбидің үнін естуге асық болатыны сөзсіз. Өйткені, ананың құрсағына біткен күннен бастап-ақ әр сәби ата-анасының жүрегіне өзге сезімдермен салыстыруға келмейтін есепсіз махаббат сыйлайды. Тіпті , мұз боп қатқан көңілді жібітердей жылулық ұялатады. Әйткенмен, бала тек қана көңілге сүйіспеншілік пен шаттық сыйлаушы, әулеттің тұқымын жалғастырушы ғана емес. Сонымен қатар, бала әке мен ананың аманаты, әрі үлкен жауапкершілігі. Баланы сүйіспеншілік пен махаббатқа бөлеп қана қоймай, бойына имандылық, адамгершілік секілді ізгі қасиеттерді дарытуға амал етіп, үлгі көрсетуіміз қажет.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) райхан гүліне теңеген балаларымыздың иманды, тәрбиелі, адами ізгі қасиеттердің иесі болып өсуі ата-ана үшін орны бөлек бақыт екені рас. Райхан гүлі секілді тәні де, жаны да сұлу болып өсуі үшін әр әке, әр ана орасан зор жұмыс атқаруы қажет. Бірақ бұл атқарылатын жұмысты «балаларым ішсін, жесін, кисін» деген мақсаттағы жұмыспен шатастырмағанымыз абзал. Өйткені, бұл «балаларыма адамгершіліктің үлгісі болатындай ана болсам, балаларыма Құран мен сүннетке амал ететін тақуа құлдың үлгісін көрсете алатындай әке болсам» деген ниеттегі көп күш пен терді талап ететін өз-өзіңмен жұмыс. Осы орайда, дана бабамыз Абай Құнанбайұлының мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды». Расымен де, өң бойымыздан табылмайтын қасиеттер мен амалдарды баламыздың тұла бойынан таба алмайтынымыз сөзсіз. Сол секілді, өз жүрегімізде бір Аллаға деген иман болмаса, балаларымызды иманды етіп тәрбиелеу қиын болмақ. Қасиетті Құран бетін ашпайтын болсақ, баламыздың да кітап бетін ашуға құлшынысы болуы екіталай. Алланың парыздарын орындауда бейғамдық танытсақ, баламыздың да ол нәрсеге жеңіл қарайтыны анық. Сондықтан, ата-ананың міндеттерінің бірі – өзі үйреніп, өз баласына үйрете алатындай деңгейге жету. Ал соның ішінде ең бастысы, Алланы тану, оған деген махаббатты кішкентайларынан жүректеріне ұялату, Алланың бұйрықтарымен таныстыру.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаларыңыз жеті жасқа келгенде намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, (жалқаулық танытса), тәртіпке салыңдар. Әрі олардың жатын орындарын бөлектеңдер»,-делінген. Жәй ғана үйретіңдер емес, бұйырыңдар делінген. Бірақ, Алланың кейбір бұйрықтарын өзіміз орындай алмай жатып, балаларымызға қалай бұйрық бермекшіміз?! Иістері жәннат иісімен теңестірілген ұрпағымыздың біздің жәннатқа кіруімізге себеп болатындай, артымыздан дұға ететіндей ұрпақ етіп қалай өсірмекпіз?!
Алла Тағала Қасиетті Құранда «Әт-Тәғабун» сүресінің 15 аятында: «Дүние мүліктерің де, бала-шағаларың да сендер үшін бірер сынақ, одан басқа түкте емес. Ал ең үлкен сый-сияпат, ең зор сауап Алланың құзырында»,- деп келтірілген. Сол себепті де күйбең тіршілікте, өз тәрбиесі мен бала тәрбиесінде әр ата-ананың өз сынағы бар. Ешкімді сынауға құқығымыз жоқ. Бірақ, қолдан келгенше көмектесуге әрқашан да мүмкіндігіміз бар. Өйткені, әр бала ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметінің бір бөлшегі. Ал үмметтің әр бөлшегі дінді түсініп, Алланы танып, пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетімен танысқан сайын, дініміз де көркейе түспек.
Сол себепті, дініміздің көркейіп, ұрпағымыздың иманды болуы үшін мешітімізде әр жыл сайын ойын балалары мен жасөспірімдерге арналған жазғы лагерь ұйымдастырылады. Бұл мешіт жанынан өткізілетін лагерьдің мақсаттарының бірі – 9 ай бойы дүниелік білім алған балаларымызды жазғы демалыстарында діни сауаттылыққа үйрету. Дамыған заманда ұялы телефон мен әлеуметтік желілермен көбірек дос болып жүрген жасөспірімдерге қамқорлық пен жанашырлыққа толы орта бар екенін көрсету, діни орта қалыптастыру. Күйбең тіршіліктің салдарынан балаларына өздері Алланы танытып, бес парызды түсіндіре алмай жатырған ата-аналарға қол ұшын созып, иманды ұрпақ тәрбиелеуде мешіт қызметкерлері ретінде ат салысу. Алланың кәләмін үйретуде ұлағатты ұстаздармен алғашқы іргетасын берік етіп қалау.
Дәл осындай, ізгі ниетпен биыл да 7-12 жас аралығындағы балаларға арналған «Имани жаз» жазғы лагерьі ұйымдастырылды. Діни сусындауға асық ұл-қыздардың көптігін көріп кеудемізді үміт пен мақтаныш кернесе, балаларын жетектеп мешітке ертіп әкеліп жатырған ата-аналарды көріп бір марқайып қалдық. Жалпы есеппен алғанда, биылғы жылы лагерьге 200-ге жуық бала қатысты. Бұның өзі біз үшін жетістік.
Екі аптаға созылған лагерьде біз барымызша балаларды діннен шаршатып алмауға, керісінше, ислам дініміз жеңілдік пен қамқорлық діні екенін көрсетуге тырыстық. Әр жастағы балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып, ойындар мен жарыстар ұйымдастырып, балаларды қызықтыра отырып, күнделікті өмірде шариғат үкімдері мен пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі) сүннеттерін үйреттік. Оның үстіне, ұлттық құндылықтарымыздың да маңыздылығын көрсету үшін дәстүрлі ойындар ойнатуды да назарға алдық. Таза ауада серуендетіп, саябаққа апарып рухани ортаның артықшылықтарын көрсетуге тырыстық. Сонымен қатар, қаламыздағы кәсіпкерлердің ат салысумен, күнделікті балаларға дәмді тіскебасарлар берілді.
Жалпы, жыл сайын мешіт жанынан ұйымдастырылып жатырған бұл лагерь балаларды ерекше сезімге бөлеп, көңілдеріне қуаныш сыйлайды. Лагерь соңында барлық балаларға ынталандыру мақсатында арнайы дайындалған сертификаттар беріліп, әдемі көңіл-күй, ыстық естеліктермен қоштасқан болатбыз.
Болашақ ұрпағымызды діни сусындатып, жүрек түбіне Аллаға деген махаббат пен сенім ұялату ата-ана мен мешіт қызметкерлерінің бірлескен ұлы міндеттерінің бірі. Біз өз тарапымыздан қолдан келгенше балаларды қызықтырып, асыл дінімізді үйретуге ат салысып жатырмыз. Алдағы жылы ата-ана ретінде сіздер де балаларыңыздың ізгі ортамен араласуына, уақыттарын дұрыс пайдалануларына аса мән беріп, мешіт тарапынан өткізілетін діни сауат ашу лагерьіне алып келсеңіздер балаларымыздың жарқын болашағына қосқан үлкен үлесіңіз болар еді.
Наурыз Убаев,
Ар-Рахман мешітінің наиб имамы