Асыл дініміз адам баласын кешірімді болуға шақырады. Тіпті, адамның ренжіткен, сөккен адамынан кек алуға, сазайын беруге мүмкіндігі болса да кешірімді болуға үгіттейді. Кешірімділік қатаңдық пен қатігездіктің құрсауынан арылтып, бақытқа жеткізеді. Алайда, Алла Тағаланың адам баласына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Құран кәрімде Алла кешірімді болған жандарды жайында: «Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли-Имран» сүресі, 3/134-аят) деп кешірімді болған адамның Алланың сүйіспеншілігіне кенелетінің баяндайды.
«Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау кемдік» дегендей дана халқымыз кешірім ете білуді кеңдіктің, адамгершіліктің белгісі деп біледі. Біздің адамдарға деген өкпе-ренішіміз, оларды ұзақ уақыт кешіре алмауымыз, өзіміз бекерге арқалап жүрген қажетсіз жүкке ұқсайды. Тіпті осы өкпе-реніштер адамды ауруға да шалдықтыруы да мүмкін. Осы орайда сахаба Әнәс (Алла одан разы болсын) мынадай қисса баяндайды: «Бір күні біз Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отырғанымызда, ол бізге: «Қазір мына жерге Жәннатқа кіретін кісі келеді» – деді. Сол мезетте бір ансарлық кісі келді. Оның сақалынан дәреттен қалған су тамшылары тамшылап тұрды, ал сол қолында аяқ киімі болғанды. Келесі күні пайғамбарымыз әлгі сөзді қайта айтып еді, кешегі кісі қайта кіріп келді. Одан кейінгі күні осы оқиға тағы да қайталанды. Пайғамбарымыз басқа жаққа кетіп қалған кезде Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (оған Алла разы болсын) әлгі кісінің ізіне түсті де, жетіп алып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып едім, сөйтіп оған үш күн бойы үйге оралмаймын деп уәде берген едім. Егер қарсы болмасаңыз, осы күндері сіздің үйіңізде болайын?!» – деді. Әлгі кісі онымен келісті. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас былай деп баяндады: «Мен оның үйінде үш күн болдым, бірақ ерекше еш нәрсе көрмедім. Тек көргенім таң намазына дейін түнде тұрып немесе жамбастап жатып Алланы еске алып, мадақтар айтатын. Үш күн өтті, көргеніме риза болмадым. Сонда мен оған: «Әй, Алланың құлы! Мені мен әкемнің арамызда еш нәрсе болған жоқ. Мен тек Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш рет: «Қазір мына жерге Жұмаққа кіретін кісі келеді», – деген сөзін естідім, әрі әр айтқан сайын сіз кіріп келдіңіз. Кейіннен мен сіздің не істейтініңізді білу үшін жаныңызда болғым келді. Сөйтіп сіздің жаныңызда бірге болдым. Алайда, мен сіздің амалдарыңыздан ерекше ешнәрсе көргенім жоқ. Олай болса, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сіз туралы не үшін былай айтты екен?» – дедім. Әлгі кісі: «Мен сіз көрген нәрседен артық еш нәрсе жасамаймын. Алайда, сонымен қоса, мен мұсылманның ешқайсысын алдамаймын, Алланың оларға берген нығметін қызғанбаймын. Және әр түн сайын адамдардың барлығын кешіріп барып көз ілемін», – деді. Сонда Абдулла: «Сіз расында да мына деңгейге осы себепті жеткен екенсіз! Шынында, мұндай деңгейге жету оңай емес», – деді. /Абдурразақ, «Мусаннаф», 20559, Байһақи, «Шуғабул Иман», 6605/
Кешірімді болу бұл ең алдымен Алланың бұйрығы екенін білуіміз керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында:
«Кешірімділік жолын ұстан, құпталғанға (ғұрыпқа) бұйыр және надандардан теріс бұрыл», – деп бұйырған. Алла Тағаланың кешірімділікті бұйрық түрде айтуы – бұл сипаттың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді.
Екіншіден, адам баласын кешіру – Алла Тағаланың кешіріміне себеп болатынын білу
Адамдардың қателігіне көз жұмып, оларды кешіре білу – қиямет күні Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге алып келетін сипат. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 2-аятында Алла Тағала:
«Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан.
Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейін ренжісіп қалады. Сонда Хусейін ағасы Хасанға өзінен кешірім сұрауын өтініп, хат жазып жібереді.
Бұл хатты оқыған Хасан сәл ашуланып, інісіне: «Сен менен жасың кіші, өзің кешірім сұра» деп қайта хат жазып жібереді. Сонда інісі: «Ағатайым менің! Пендені кешіргенді Алла Тағала кешіреді емес пе? Мен сіздің бірінші болып Алла Тағаланың кешіріміне ие болуыңызды, менен бұрын жәннат иелерінен болуыңызды қалап, бірінші болып кешірім сұрауыңызды өтініп едім» деп, қайта хат жазған екен.
Інісінің жазған бұл хатын оқығанда Хасанның жүрегі елжіреп, көзіне жас келіп, інісі Хусейінге барып: «Мен өзімнің нәпсіммен ойлап тұрсам, сен қияметтің бақытын ойлап тұр екенсің. Кешір мені, інішегім» деп інісін құшақтап, кешірім сұраған екен.
Жоғарыда айтылған аят, хадистерден түсінетініміз кешірімді болу екі дүниеде бақытты болуға әрі Алланың алдында дәрежеміздің көтерілуіне себеп болатын амал екен. Сондықтан бір-бірімізді кешіріп, бір-бірімізге деген өкпе-реніш, ашу-ыза, кек алу сынды қасиеттерді жүрегімізде сақтамайық. Алла баршамызға өзінің кешірімін нәсіп етсін.
«Тәжиден Батырұлы» мешітінің ұстазы Қайрғалиев Талғат