Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен 2023 жылдың Құрбан айт мерекесін қорытындылау жиыны өтті.
Ұлық мерекені қорытындылауға арналған жиынға бөлім меңгерушілері мен Діни басқармада құрылған жұмыс тобы қатысты.
ҚМДБ Төрағасы алдымен дін қызметкерлерін Құрбан айтпен құттықтап, мереке күндері дамылсыз қызмет еткен республикалық штаб мүшелеріне, өңірлердегі барша имамдар мен мешіт жамағатына, еріктілерге алғысын жеткізді.
«Сіздердің әрқайсыңыз ұлық мерекені ойдағыдай өткізуге атсалыстыңыздар. Құрбан айтта Хақ Тағалаға құлшылық, халыққа қызмет еттіңіздер. Осы орайда құрбан шалуды онлайн және офлайн форматта жүзеге асыруға жәрдемдескен баршаңызға риясыз ризашылығымды білдіремін. Алла разы болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиын барысында «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы мен ғаламтор маманы баяндама жасап, жұмыс есебін назарға ұсынды. Мақсатбек Мақсотұлы биылғы Құрбан айтта ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жобалардың қолға алынғанын, мереке күндері құрбан еті 123 594 отбасыға таратылғанын мәлімдеді.
Ал Бас мүфти бастамасымен биыл төртінші жыл қатарынан жұмыс істеген qurban2023.kz сайтының техникалық маманы Болат Кенебаев сайт арқылы «өкілдік құрбандығы» сәтті атқарылғанын, сайт жұмысында еш кедергі, ақау болмағанын тілге тиек етті.
Жиын соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне құрбан айтқа қатысты және өзге де бағыттағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігін айтып, тиісті тапсырмалар берді.