Құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа етуге бола ма?
Жауап: Ханафи мәзһабы бойынша құрбандық шалу – уәжіп. Құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу міндет[1].
Құрбандық шалу уақыты өтіп кеткенімен ол міндеттеме пенденің мойнынан түспейді. Сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Құрбандықты әлі сатып алмаған болса, оның мөлшері есептеліп құнынан садақа етіледі[2].
Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс. Ал құрбандық шалудың орнына садақа беру мойнынан уәжіпті түсірмейді.
«Құрбандық пәтуалары» кітабынан
[1] «Радду әл-мухтар», 9/454.
[2] «Бәдәиу әс-санайығ», 5/67.