Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбековты қабылдады.
Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дінаралық достықты арттырудағы рөлі, түркі мемлекеттерінің рухани бірлігін, ортақ діни сенімін, салт-дәстүрін және ортақ мұраларын дәріптеу мәселесі талқыланды.
Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түркі мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасын» құру туралы бастамасының маңыздылығын айрықша атап өтті.
«Өзіңізге мәлім, біз киелі Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттерінің «Мүфтилер алқасын» өткіздік. Оған сіздер де қатысып, белсенділік таныттыңыздар. Аллаға шүкір, қазір түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық, әлеуметтік, әріптестік бағытындағы байланыстар нығайып келеді. Ендігі кезекте рухани байланысты арттыру аса маңызды бағыттың бірі болып отыр» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу соңында тараптар екі ел арасында қалыптасқан тарихи әрі рухани байланысты арттыра түсуге уағдаласты.