«Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен Масанчи ауылында «Қазақстан – ортақ Отанымыз!» атты дүнген этносының қазақ жеріне келгеніне 145 жыл толуына орай халықаралық деңгейде мерей тойы аталып өтті.
«Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталған іс-шара көрмемен жалғасын тапты. Шарадан соң «Халық бірлігі – әділетті Қазақстанның негізі» атты салтанатты жиын басталды. Аталған мерекелік кешке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Кенжеәлі Қоңыратбайұлы мен ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев және Қордай ауданының бас имамы Әлімұхаммед Егізбаев бастаған өңір имамдары, Шу, Рысқұлов, Меркі, Байзақ аудандарының бас имамдары келіп қатысты.
Жамбыл облыстық филармониясы мен аудандық көркем өнерпаздар және дүнген этномәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама жасады. Дүнген отбасының өмірі туралы театрландырылған қойылымдар қойылып, дүнгендердің көкөніс егу әдісінен көрініс көрсетілді.
Айта кетейік, дүбірлі жиында қазақ және дүнген этносының бұйымдарымен безендірілген киіз үйлер, Дүнген этносы өсіретін көкөніс дақылдарының және экспонаттар көрмесі өтуде.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі