Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының БҚО-ның өкіл имамы Алибаев Самат Қанатқалиұлы Жалпақталға іс сапармен келіп, бір күнде 5- іс-шараға қатысты. Облысымызға өкіл имам болып жаңадан лауазымдық діни қызметіне тағайындалуына байланысты алдымен жергілікті әкімдік қызметкерлерімен және ауылдық ақсақалдар алқасы қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен, сондай -ақ Жалпақтал мешітінің жамағатымен кездесіп, еркін тақырыпта пікір алмасты. Жергілікті халықпен тікелей жүздесіп, танысуға келген өкіл имаммен бірге Орал медресе колледжінің директоры Искалиев Талғат Мұратұлы, Орал облыстық мешіттің найб имамы Айтенов Ерлан Бауыржанұлы бірге болды. Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы, теология ғылымының магистрі Тілек қажы Ахметжанұлына осы салада жиырма бес жыл яғни ширек ғасыр бойына діни қызметкерлеріне ауқымды бағыт-бағдар беріп, діни саладағы қызметін адал да, абыройлы атқарған ілкімді қызметі үшін «Алғыс хат» табыстады.
«Жақсылық жаса-Твори добро» қоғамдық бірлестігінде тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балалармен кездесіп, олардың жүректеріне жылы сөз арнап, демалатын бөлмелеріне кілем тарту етіп, жас балғын тәрбиеленушілерге сыйлықтар табыстады.
Сондай- ақ Жалпақтал аграрлық салалық технологиялық колледжінде ұстазар мен бірге ел ертеңдері студент жастармен кездесіп, жиналғандарға білім алу және ұстазды құрметтеу тақырыбында уағыз айтып, жиналған қауымның көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауап берді. Аталмыш ұжымда өкіл имам ұстаздар қызметтеріне береке тілеп, Құран кітабын сыйға тартты. Жалпақтал әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы (Қарттар үйі), атауы қатал болғанымен, мұнда ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар. Қарттар үйі… Бұл — қатты жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын. Демек, осынау аялы мекен жайда абыз ақсақалдармен кейуана ақ жаулықты әжелермен жүздесіп, тағдырлы талайлы тауқымет маңдайларына жазылған қариялардың тағдырларына сабыр етуді, осындай кең де, самаладай жарық сәулетті шаңырақта, жұмсақ төсекте тәрбиеленіп отырғандарың бірінші Алланың, екіншіден ел тыштығымен бейбітшілігі сапында тындырымды еңбек етіп жатқан ел басшыларының айтулы еңбегі деп бағалауымыз керек- деді. Осы үлкен мекемеге БҚО-ның өкіл имамы Алибаев Самат Қанатқалиұлы шаңсорғыш қондырғыларын және төсеніш кілемді өз атынан сыйға тартып, үлкен жомарттық жасады. Қариялар үйін мекен етіп отырған үлкендер жағы облыс өкіл имамы Алибаев Самат Қанатқалиұлының кісілік пен кішілік көрсеткен ілтипатты мінезіне ақ баталарын беріп алғыс білдірді.
Түскі Бесін намазында бас имам Самат Қанатқалиұлы мен Орал медресе колледжінің директоры Талғат Мұратұлы жиналған жамағатқа бірлік және ынтымақ жөнінде уағыз айтып, мешіт жамағатының сауалдарына көңілдері толарлықтай жауап берді.
Бас имамның іс-сапары әлі де жалғаса береді.
Нұрлан Саматұлы