«Мәһір – қалыңдықты саудалау емес, Құдайдың берген құқығы». Имам мешітте неке қидыру ережелерін түсіндірді

Қалыңдық пен күйеу жігіт мешітке неке қидыруға келгенде өзімен бірге міндетті түрде АХАТ құжатын ала келуі тиіс.

ҚР Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 24,5 неке тіркелді. 2022 жылдың 3 айымен салыстырғанда неке саны 10,6% төмендеді. Некелесу коэффициенті 1000 адамға 5 некені құрады. Сондай-ақ, осы кезеңде 3,8 мың ажырасу тіркелді (АХАТ органдарының деректері бойынша соттардың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағанда), бұл да 2022 жылдың тиісті деңгейінен 5,6% аз. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,79 құрады. Осы орайда, Қалқаман мешітінің бас имамы, «Неке» кітапшасының авторы Руслан Қамбар шаңырақ берекелі болуы үшін ерлі-зайыптының қатар үлес қосуы маңызды екенін айтады. Мұнымен қатар «мәһір – қыз баласын сату емес, керісінше ақысы» деп шариғатта әйел құқығы бірінші орында тұратынына тоқталып, мешітке неке қидыруға келерде ескерген абзал қарапайым ережелерді атады. 

– Мешітте неке қидыратын кезде жас жұбайлардан АХАТ құжаты сұрала ма?

– АХАТ құжаты керек. Неге дейсіз ғой? Қазақ салт-дәстүрінде неке қыздың, яғни әкесінің шаңырағында қиылатын. Негізі, шариғатымызда да солай. Ал енді, жастардың дені қалада. Оқу бар, жұмыс бар тағысын тағы. Сондықтан көп жағдайда неке қидыруға жастардың ата-анасы қатыса алмайды. Шариғат тілімен «уәли» – қызға жауапты әке-шешесі, аға-бауыры қатыспаған жағдайда АХАТ уәлидің міндетін атқарады.

– Неке қидырған кезде балиғат жасы ескеріле ме? Бұл қанша жас?

– Қазақта «Он үште отау иесі» дегендей кешегі ата-әжелеріміз ерте шаңырақ көтерген. Алайда ол заманның жағдайы, тұрмыс-тіршілігі ала-бөтен. Балиғат жасы неке мәселесінде емес, басқа парыздарға басшылыққа алынады. Шариғаттағы балиғат жасы – намаз оқып, ораза тұтуға болатын жас. Шаңырақ көтеру және некелесуде кәмелет жасты ескергеніміз жөн. Бұл заң бойынша некеге тіркеу жасы – 18. Кейбір ауыл-аймақтарда 16-17 жастағылар отбасын құрып жатады. Әдетте мұндай неке екі жақтың келісімімен, құда болып жүзеге асады. Ескере кететін жайт, заң бойынша 18-ге толмаған жастардың некеге тіркелмейді. Жүктілік немесе баланы дүниеге әкелу сияқты жағдайда некеге тіркеу жасы Қазақстанда 16 жасқа дейін төмендетіледі. 

– Некелесу рәсіміне келерді киімге қатысты қандай ережелер бар?

– Неке қидыру – адам өміріндегі ең ғажап сәттердің бірі. Күйеу жігіт те, қалыңдық та ерекше киініп келсе еш әбестігі жоқ. Мешіттің де өзіндік дресс коды бар. Қыз баласы етек-жеңі ұзын киім киіп, басына орамал салып келуі керек. Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық» деп бекер айтпайды. Бұл сөзде әйел затының ең маңызды қасиетін айшықтайтын ақжаулық, орамал айтылуда. Мұнымен қатар, театр және кітапхана сияқты қоғамдық жерлерде өзіндік мәдениеті мен ережесі бар. Сол секілді мешітте де тыныштық сақтау, тазалыққа мән беру, кіріп-шыққанда дұға оқу маңызды. 

Мешітке кірер кезде оқылатын дұға:

«Әъузу билләһил ъазим, уә биуәжһиһил кәрим, уә султаниһил қадим, минәш шайтанир ражим» /Бисмилләһ уас-салату уәс-сәләму ъала расулилләһ/ «Аллаһуммәф-тәхли әбуәбә рахматик».

Аудармасы:

Ұлы Аллаға, Оның ардақты дидарына және Оның ежелгі билігіне лағнетке ұшыраған шайтанның азғыруынан сыйынамын. (Алланың атымен, Алланың елшісіне Оның тыныштығы мен игілігі болсын!) Я, Алла! Маған мейірім есіктеріңді аша гөр!

https://youtube.com/watch?v=F9x5vO8G_d0%3Fwmode%3Dtransparent%26jqoemcache%3D7oiXC

Мешіттен шыққанда:

Бисмилләһ уас-салату уәс-сәләму ъала расулилләһ, Аллаһумма инни әсәлукә мин фадлик, Аллаһумма иъсымни минәш шайтанир ражим.

Аудармасы:

Алланың атымен, Алланың елшісіне Оның тыныштығы мен игілігі болсын! Я, Алла! Шынында, мен Сенің кеңшілігіңді сұраймын. Я, Алла! Мені шайтанның азғыруынан сақтай гөр! дұғаларын оқу керек.

– Жас жұбайлармен бірге келген басқа дінді ұстанатын достары мешітке кіре ала ма?

– Иә, рұқсат етіледі. Басқа діндегі достары неке қидыру рәсіміне қатыса алады. Бастысы, ішімдік ішпеген болуы керек, әдептілік сақтаса болғаны. 

– Некелесу рәсімі кезінде куәгерлердің рөлі қандай?

– Некенің толық болуы кемінде екі мұсылман куәгердің қатысуымен жүзеге асады. Ол куәгер жора-жолдас, ата-ана, іні-бауыр болуы мүмкін. Әдетте, кәмелетке толған екі мұсылман ер адам немесе бір ер және екі әйел болуы керек.

– Неке суын ішкізудің мән-мағынасы қандай?

– Неке суын ішкізу – шариғаттағы шарт емес, бұл қазақи дәстүр. Рамазанда неке қиюға болмайды деп жатуының себебі де сол. Көпшілік, некеде су ішу шарт деп ойлағандықтан, ораза айында некелесуге болмайды деп қателеседі.

– Күйеу жігіттің мәһір сыйлығын беруі міндетті ме? Оның ең төмен және жоғары құны қандай?

– Байқасаңыз, некеде қыздың құқығы бірінші орында тұрады. Жалпы, барлық жағдайда әйелдің құқығы жан-жақты қорғалған. Мәһір соның бірі. Мәһір – қызды саудалау емес, Құдайдың берген құқығы. Ғалымдардың ойлап тапқаны, мүфтияттың бекіткені емес, тікелей Құранда айтылған үкім. Құдайдың берген ақысы. Сондықтан ол міндетті түрде берілуі тиіс. Мәһір екі түрлі мусамма (атап айтылған) және мисл (балама) болады. Атап айтылған мәһірдің ең төмен мөлшері – 10 дирхам. 10 дирхам 1 динарға тең. Ал бір динар 4,25 граммды құрайды. Бұл ең төменгі мөлшері. Екінші – балама, яғни мисл мәһір қыздың шыққан төркініне қарай беріледі. Мұнда қыздың әке жағынан әпке-қарындастарына салт ретінде берілетін мәһір мөлшері ескеріледі.

Дереккөз: «Мәһір – қалыңдықты саудалау емес, Құдайдың берген құқығы». Имам мешітте неке қидыру ережелерін түсіндірді | informburo.kz