Алла тағала Хаж сүресінде: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістіке жетесіңдер» дейді. Яки тағдырда адамзатқа хайырлысы –бір-біріне жақсылық жасау, бір-біріне көмектесу, қиналғанда қолтығынан демеу. Мына жалған дүниеде пенде шүкір етуі тиіс, ұдайы тәубе қылуы керек. Бірақ көркем мінез болмаса, амалдың барлығы босқа кетуі мүмкін екенін бір Алла ескерткен. Осыдан-ақ ой түйіп ала беріңіз, бәрімізге жарық-нұр сыйлаған – Құран Кәрім. Ал Құранда ізгілік жасайтын мұсылманға сансыз сауап бар екені сан рет айтылады.
Иә, қазіргі қоғамға керегі – ізгілік пен мейірім. Мейірім бейне дәнекер жіп секілді. Барлық жүректі жалғап тұрады. Иләһи нұр зікірмен таралады. Алланы зікір еткеннің жүрегі жұмсарады. Ал жүрегі жұмсақ адам қайырымдылық жасауға, жомарттық танытуға құштар. «Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Аллаһ тағала да оның қажеті өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғысын сейілтсе, Аллаһ тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады», – делінген Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте.
Қараңызшы, Алла тағала адамның беделіне, бет-бейнесіне емес, жүрегіне назар салатыны осы хадис дәлел емес пе? Құдайға шүкір еткеннің қадамы да түзу. Қатігез, тасбауыр, көкірегі көр пенделер зұлымдығы көбейіп тұрғанда, мына ғалам ізгілік сәулесін аңсап тұрғандай көрінеді. Бір-біріне көрместей болып кеткен бауырлар, өмір бойы тіл табыса алмайтын ене мен келін, бір-бірінің жағасын алған әке мен бала, міне, осындай сорақылыққа сан мың мысал жетіп артылады. Алла тағала мұсылман қауымды жақсылыққа шақырады. Алла тағала адамзат ізгілікке іңкәр болу керек дейді.
«…Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол» деп бұйырған Хақ. «Жетімді басынба, қайыр-садақа сұрағанға зекіп, ұрыспа» дейді күллі ғалам Әміршісі. Сондықтан мейірімділік таныту мұсылманға парыз болмақ. Ислам дәуірлеген ерте замандарда халифалар тіпті өзге дін өкілдеріне әділ қараған. Себебі Ислам қылыш жүзімен емес, жүрек нұрымен таралатын дін. Пайғамбар (с.а.с) көршің өзге дін өкілінен болғанның өзінде оған мейіріммен қарауды бұйырған. Әдептілікпен өзі де үлгі көрсеткен.
Ағраф сүресінде Алла тағала «Рақымым күллі жартылысты қамтиды» дейді. Алла мейірімді, Алла рақымды. Адамзат та мейірімді болуға тиіс. Жер жүзіндегі сан мың ұлт тату-тәтті өмір сүруі тиіс. Оның арасында мұсылмандар көркем ахлағымен жол нұсқай алады. Ізгілік – рух азығы екенін ұмытпайық.
Есенболат Абдуғалиев,
Жәнібек аудандық мешітінің бас имамы