ТҮС ЖОРУДА НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

Ұйықтап жатқанда түс көру – пенде баласына тән тылсымның бірі. Көп адам «түс – тәңірдің аяны» деген сеніммен көрген түсінің «құпиясын» ашуға тырысады. Енді біреулер «түс – түлкінің тезегі» деп, қолды бір сілтеп, мән бермейді. Ұйықтау және түс көру – Алланың кереметінің бірі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың – Оның айқын дәлелінің бірі. Міне, осының өзінде құлақ асатын жандар үшін айқын белгілер бар», – деген («Рум» сүресі, 23-аят). Ендеше, түс жорудың дініміздегі үкімі қандай? 

Мысыр пәтуа орталығы түс жорып, оған діни тұрғыда үкім беретін адамның дін ғалымы секілді түс жоруға аса қабілетті болуы керек екенін жеткізген. Демек дін негіздеріне қайшы келмей, өз маманына жүгіне отырып, адамдарға пайда тигізу мақсатында түс жоруға шариғат рұқсат берген. Алла Тағала Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – дейді («Әнбия» сүресі, 7-аят). Түс жоратын адам Аллаға иман еткен тақуа, Құран, хадис ілімдерінің білгірі, тілдің ауыспалы, тура мағыналарын ажырата білетін, түс көрген адамның ахуалы хабардар адам болуы тиіс.

Түс үш түрге бөлінеді. Біріншісі, шынайы түстер. Бұл – есте айқын сақталатын түстер. Яғни Алла Тағала тарапынан сүйінші, ескерту ретінде көрінетін, алдағы болатын жақсылықтың, сәттіліктің, жағымды жаңалықтың сүйіншісі іспетті түстер. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менен кейін әл-мубашшираттардан басқа пайғамбарлық болмайды», – деп, одан әл-мубашшираттардың не екенін сұрағанда: «Бұл –адам көретін жақсы түстер» (Бұхари) деген.

Екіншісі, шайтани түстер. Шайтанның адамды қорқытып, жанын қинап, уайымдатып, ойына қайғы салу ниетімен көрсететін түстері. Мысалы, құзар шыңнан құлау немесе жүрегің алқымға тығылғандай үреймен шошып оянатын, жалғыздықта, қараңғыда, тұңғиықта қалып қойғандай әсер беретін көріністер көру. Мұндай түстерде түк негіз жоқ. Сол себепті осындай бұлыңғыр, түсініксіз, үрейлі түстер көрген адам ол түсін ешкімге айтпауы тиіс. Егер түн ортасында шошып оянған болса, сол жағына үш рет үрлеп, алақанын жайып, Аллаға шайтанның азғыруынан сыйынуы керек. Егер түстің жағымды, жайлы болғанын қаласаңыз, ұйықтар алдында тазаланып дәрет алып, дұға оқып жату керек. Шайтаннан келген түс дәретсіз немесе асқазан толы күйде ұйқыға кеткеннен болады.

Үшіншісі, жадыда сақталып қалған сыртқы ортаның әсерінен көрген түстер. Бұл түс түріне адамның жеке өз жағдайы мен қиялына байланысты түсінде көрген көріністері жатады. Мысалы, күндіз, ояу кезде қазы-қарта, құрт, яғни тұзды тағам жеген болсаңыз, көп су ішіп жүргеніңізді көруіңіз мүмкін немесе әлдебір нәрсені көп ойлай берсеңіз, сол түсіңізге енуі мүмкін. Бұл секілді түстер жоруды қажет етпейтін негізі жоқ түстер.

Егер түс жақсы, жағымды болса, оны көрген адам төрт нәрсені жасағаны жөн: бұл түс үшін Алла Тағалаға мадақ айту; қуану және жақсылық күту; жақсылық тілейтін адамыңызға айту; оны жақсылыққа жору, орындалуын Алладан күту.

Егер түс жаман не жағымсыз болса, жеті нәрсені сақтау қажет. Егер осы нәрселерді жасаса, бұл түс Алла Тағаланың қалауымен оған зиян тигізбейді. Олар – Алладан бұл түстің жамандығынан сақтанып, дұға жасау; шайтанның азғыруынан Алладан көмек сұрау; сол жаққа үш рет сүфлеу (түкіру); ұйықтаған қалпын өзгерту (мысалы, сол жақтан оңға қарай); намаз оқу; оны ешкімге айтпау; түсті өз бетінше жорымау.

Имам әл-Бұхари Әбу Саид әл-Худри Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай хадисін келтіреді: «Егер бірің жақсы түс көрсеңдер, ол Алладан және ол үшін Аллаға мадақ айтыңдар. Ол түс жайлы достарыңа айтыңдар. Егер жағымсыз түс көрсеңдер, ол шайтаннан және бұл түсінің жамандығынан Алладан қорған тілеп, ешкімге айтпаңдар, сонда оған зиян тигізбейді» (Бұхари).

Алланың дінін жақсы білетін, хикметті сезініп, түсті дұрыс жори білетін адам аз. Ислам діні аясындағы түс жору жайлы үлкенді-кішілі кітаптар көп болғанымен, оны көп адам қолдана алмайды. Сондықтан түсті жору барысында төмендегі негіздер мен әдептерге сүйенген дұрыс.

Біріншісі, Құран аяттарына негіз арту. Қасиетті Құранға негізделген түсіндірулерге келетін болсақ, АРҚАН келісім, серт мағынасын білдіреді. Алла Тағала Құранда: «Барлығың да Алланың желісіне мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер» («Имран» сүресі, 103-аят)» деп бұйырған.

КЕМЕ – құтқару, құтылу. Алла Тағала: «Ал Нұхты және онымен бірге кемеге мінгендерді топан судан құтқардық та сол ғаламат кемені һәм оқиғаны күллі әлемге айқын ғибрат қылдық», – деген. («Анкабут» сүресі, 15-аят).

АҒАШ – имандағы екіжүзділік. Алла Тағала: «Оларды көргеніңде түр-тұлғасын ұнатып қаласың. Олар дуалға сүйеулі бөренелер секілді», – деген («Мунафикун» сүресі, 4-аят).

ТАС – жүректің қаттылығы. Алла Тағала: «Уақыт өте келе жүректерің қатайып кетті, жүректерің тас сияқты, тіпті одан да қатты», – деген («Бақара» сүресі, 74-аят).

КҮЛ – бұрыс әрі пайдасыз амал. «Раббыларына күпір қылғандардың мысалы олардың бүкіл игі істері дауылды күні жел ұшырып әкеткен күл үйіндісіне ұқсайды» («Ибраһим» сүресі, 18-аят).

СУ – рызық-несібе. «Егер адамдар мен жындар Алланың тура жолынан еш ауытқымай жүргенінде, шүбәсіз, оларға мол жауын жаудырып, ризық-несібесін молайтар едік» («Жын» сүресі, 16-17 аяттар).

ҚИЯР, САРЫМСАҚ, ЖАСЫМЫҚ, ПИЯЗ секілді көкөністерді түсінде теріп алған адамға мал-мүлкінен, күнкөрісінен, білімінен, әйелінен, үйінен бар жақсысын жаманға ауыстырғанын білдіреді. Алла Тағала: «Біз бұлай тамаққа ғана қарап, төзіп отыра алмаймыз. Біз үшін Раббыңа дұға ет, бізге жерден өсетін дәнді дақылдан, асқабақтан, сарымсақтан, жасымықтан, пияздан шығарсын деген едіңдер», – деген («Бақара» сүресі, 61-аят).

ЖАҚСЫ АҒАШ – жақсы сөз, ал жаман ағаш жаман сөзбен түсіндіріледі. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Ал жаман сөз бейне бір жерден түп-тамырымен қопарылған, тамыр тартып өз діңінде тұра алмаған жаман ағаш іспетті» («Ибраһим» сүресі, 26-аят).

Екіншісі, сүннетке (яғни хадиске) негіз арту. Сүннетке негізделген түсіндірулерге келетін болсақ, ҚАРҒА зұлымдықты білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарғаны жауыз және зұлым құс деп атаған.

ТЫШҚАН – күнәһар әйелмен түсіндіріледі, өйткені Пайғамбарымыз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны «кішкентай зұлым» деп атаған.

ҚАБЫРҒА – әйелдерді бейнелейді, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел қабырғадан жаратылған», – деген хадисі бар.

КӨЙЛЕК – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтуынша, иманды, дінді бейнелейді: «Түсімде бір жейде киген адамдарды көрдім, олардың ұзындығы біреуінің кеудесіне, екіншісінің астына дейін жетеді».

СҮТ – білімді білдіреді, өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған осындай түсінік берген. Алла елшісінің жетінші аспанға көтерілуі туралы хадисте айтылған «әл-Фитра» (Аллаға деген иманның туа біткен қасиеті) деп те түсіндіріледі.

ЖАҢБЫР – дұрыс жол және білім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла мені сендерге жіберген білім мен тура жолдың мысалы жаңбыр сияқты» деген.

Үшіншісі, сахабалардың тәпсірі. Даналық иесі, үмметтің шоқ жұлдыздары сахабалардың көпшілігі түстерге түсініктеме беретін. Атап айтқанда Ибн Аббас, Әбу Һурайра секілді сахабалар түсті көп жорыған.

Төртіншісі, түстегі көрген нәрсенің мағынасына, сипатына қарау. От – бүлікке, жұлдыздар – ғалымдар, темір – қару, күш, жылан – жау, қауіп, тар есіктен шығу – жеңілдіктің келуі, саяхат – бір қалыптан екінші қалыпқа ауысу, адамның өлімі – Аллаға қайтуы, тәубе етуі, түлкі – қулық.

Бізге жеткен әңгімелерде Мөңке бидің түс көріп, оны Сырым батырға жорытқаны жайында әңгімелер жеткен.

– Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді, 30 ат қостым – біреуі де келмеді, 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана мәреге аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде, қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда, қоян шықты. Осыны жорып берші, – дейді Мөңке би.

Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:

– Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді. Сонда да айтайын, – дейді. – Түс адал түс, қияли түс, шайтани түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен. 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен. Қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшылар заманының туатыны шығар. Түлкі шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар. Қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар», – деп жорып беріпті.

Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы:

– Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, – депті.

Бесіншісі, адамдардың жағдайын ескеру. Адамдардың жасы, жынысы, денсаулығы, материалдық жағдайы, Алланың дініне деген ұстанымына қарай түстерге түсініктеме беру де өзгеруі мүмкін.

Алтыншысы, түсті өтірік айтпау. Сорақы өтіріктердің бірі – көрмеген түсін көрдім деу. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Кімде-кім көрмеген түсін көрдім деп айтса, қияметте мәңгі тозақта болады», – деген (Бұхари). 

Жоғарыдағы негіздерді саралай келе түс жору ісі өте күрделі, жауапкершілігі зор амал екенін байқаймыз. Біздің болашағымыз тағдырымыз жақсылық пен жамандықты жаратқан Аллаға ғана аян. Әлі орындалмаған істер жайында негіздерге сүйенбеген күйде сөз қозғау – мұсылмандыққа керағар әрекет.

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы 

«Мұнара» газеті, №4, 2023 жыл