10-ақ түн қалды бауырым!

10-ақ түн… Құтылу мүмкіндігі уысында тұрған соңғы 10-ақ түн…

Әне-міне дегенше хикметке толы қасиетті Рамазан айының соңғы 10 күндігі зулап келіп қалды. Уақыт жүйрік пе, әлде ауа-райының қолайлы болуынан ба бұл Рамазан ерекше жылдамдықпен өтіп жатқандай. Кеше ғана жүрегіміз көптен күткен кездесу алында қуаныштан ерекше соғып, толқу үстінде еді. Ал қазір  қоштасу күні таяу қалғанын сезініп, жүрегімізді қимастық сезімі толқытуда.

Мәшһүр хадисте: «Рамазан айының алғашқы он күні – мейірім болса, екінші он күні – кешірім, ал соңғы он күні – құтылу күні» делінген.  Яғни, қасиетті 1 айдың соңғы 10 күнінде 11 ай бойғы біліп-білмей істеген қателіктерімізді еске түсіріп, шынайы  тәубе етіп, күнәларымыздан құтылу мүмкіндігі бар болғаны ғой. Раббымыздың кешіріміне ие болып, тозақтың отынан құтылу мүмкіндігі ше? Түсінген жан бұл жақсылықтан құр қалмауға тырысып бағатыны анық.

Ал, бұл айда нағыз құр қол қалған адам кім екенін білгіңіз келе ме? Ендеше Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін аса мән беріп оқыған жөн: «Рамазан айы келді, бұл айда мың айдан да қайырлы түн бар. Кімде – кім бұл түнді бейғамдықпен өткізіп алған болса, барлық жақсылықтан құр қалды деген сөз. Кім осы түннің нығметінен құр қалған болса, ол адам нағыз құр қалған болады». Хадиске сай құр қол қалған адамдардың қатарында болмауымыз үшін біз не істеуіміз керек? Әрине, ғибадатымызда бейғам болмауымыз керек. Өйткені, бұл қасиетті Қадір  түні жасалған жақсы амалдар, мың ай бойы жасаған амалдардан қайырлы.

Қадір түні дәл қай күні екенін сенімді айту, әрине қиын. Бірақ хадиске сәйкес соңғы 10 күндегі тақ түндердің біріне сәйкес келеді. Оған дәлел ретінде мына хадисті келтіріп кетсек: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы тақ түндерінен іздеңдер».

Бұл қасиетті түнде мүмкіндігімізше ұйқымызды азайтып, түннің көп бөлігін Алланы еске алуға, Құран оқып, дұға тілеуге, нәпіл намаздар оқып, тәубе етуге арнасақ, күнәларымыз кешіріледі. Өйткені, хадисте: «Кімде-кім Қадір түні Алланың рақымынан үміт етіп, нық сеніммен құлшылық жасар болса, ол адамның өткен күнәлары кешіріледі» делінген. Ал , Алла шүбәсіз уәдесінде тұрушы.

Ия, бар жоғы 10-ақ түн қалды. Осы 10 түнде ұйқымыз қанбай, қатты шаршасақ та, ең бастысы ғибадаттан шаршамауымыз керек.

Тыныштықта сыбырлап, жүрегіміздің барлық уайымдарының шешімін беруші Алланың алдында тізерлеп отырып, жан сырымызды ақтарып, көз жасымызға ерік беретін қасиетті 10-ақ түн.

Барлық қалауларымыз бен жүрек түбінде жатқан барлық дұғаларымыз үшін, кешірім сұрау мен жақсылықты үміт ету үшін арналған соңғы 10 түн.

Тоқтаусыз сұрау арқылы ,бәлки, тағдырымызды жақсы жаққа өзгерту мүмкіндігін беретін 10 түн.

Осы қалған 10 түн Раббымызбен байланысымызды нығайтып, жүрегімізде оған деген махаббатты, иманымызды  арттыруға берілген қасиетті уақыт.

Мың айдан хайырлы болған Қадір түнін жіберіп алмауға итермелейтін 10-ақ түн.

Осы қасиетті айдың соңғы 10 күнінің бірінде  жер беті көктен түскен періштерлермен ,әрі олардың иман еткендерге берген сәлемдерімен толатын болады.

Осы 10 түннің біреуінде Жәбірейіл періште жерге түсіп, бейқам қалып ұйықтап жатырғандар мен жалынып, дұға етіп жатырған адамдардың арасында болып, олар үшін дұға ететін болады.

Хикметке толы қасиеттің айдың соңғы 10 түні. Оның ішінде ерекше болған, ең маңызды болған қасиетті 1 түн. Қадір түні.

Жіберіп алма, бауырым! Ұлы Жаратушымыздың бізге берген ең ұлы мүмкіндіктерін жіберіп алма! Раббымыздың кешірімі мен нығметтерінен бейқам болып, құр қалма!  Қанша адам жете алмай кеткен, қанша мұсылман армандап кеткен осы қасиетті түндерді ұйқымен өткізбе! Түсінген адамға бұл Жаратушымыздың құлдарына берген ең үлкен мүмкіндіктерінің бірі.

Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы    Ринад Нұрланұлы