Рамазан айының соңғы он күнінде орындалатын маңызды әрі сауапты амалдың бірі – иғтикаф құлшылығын жасау. Иғтикаф құлшылығы мешітте орындалады. Бұл құлшылықты орындауға ниет еткен адам мешіттен шықпай, жиырма төрт сағатын Алланы еске алуға, дұға етуге, намаз оқуға, Құран оқуға, жалпы айтқанда, Жаратушы Иемізге ұнамды істермен шұғылдануға арнайды.
Иғтикафқа кірген адам нәпсісіне тұсау салып, дүние тіршілігінен бірнеше күн арылып, Алламен байланысын арттырады. Жаратушыға жақындау ниетімен мешітте түнеген пенде өзіне есеп береді. Білместікпен жасап қойған қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкінеді, тәубе етеді, Алладан кешірім сұрайды. Шын мәнінде, Алламен жалғыз қалуды жақсы әдетке айналдырған адам ажалы келіп, мына өмірдегі дәм-тұзы таусылып, жан тапсырған сәтте, одан кейін мәйіті жер қойнына тапсырылып, қабірде жалғыз қалған сәтте Алла оны қабір азаптарынан сақтайды. Өйткені ол осы өмірде бірнеше рет жалғыз қалып, адамдар ұйықтап жатқан сәтте құлшылық жасап, намаз оқып, Алламен байланысын арттыруға тырысқан еді.
Жалғыз қалуға, Алламен байланысты арттыруға итермелейтін иғтикаф құлшылығының қасиетті Рамазан айының соңғы он күнінде орындалуының да өзіндік мәні бар. Осы сәттерде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше ықыласпен құлшылық жасау үшін мешітте қалып, иғтикафқа кіретін. Бұл туралы Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен әрі отбасын да оятқан» деген.
Иғтикаф құлшылығы адамды өзін-өзі есепке алуға тәрбиелейді. Өзін-өзі есепке алу – кемел мұсылманның сипаты. Хәкім Абай өзін есепке алатын адамды «есті адам» деп атағанын бәріміз жақсы білеміз. Абай он бесінші қара сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» деп жазады.
Мұсылман адам әрдайым өзіне есеп беріп жүреді. Хасан Басри (Алла оны рақымына алсын) бір сөзінде былай деген екен: «Мұсылман кісі: «Не сөйледім? Қандай нәрсе жедім? Қандай сусын іштім?» деп өзін-өзі әрқашан есепке алады. Жақсы адам әрқашан өз жанын тергеп тұрады, күнәһар адам өз жанын тергемей жүре береді».
Осы ретте Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының мына өлеңі еріксіз еске түседі:
«Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше.
Өз бойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап.
Өзіңмен алыс өлгенше». Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының бұл өлеңі сіз бен бізге өмірлік сабақ болуы керек.
Шын мәнінде, Алла Тағала біздің күн сайын не істеп, не қойғанымыздан хабардар. Оның есебін беретін күн де алыс емес. Пенде о дүниеге не дайындағанын қарауы қажет. Сол үшін адам баласы Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтқандай, есеп болудан бұрын өзімізді есепке алуымыз, амалдарымыз өлшенбей тұрып, өлшеп алуымыз керек.
Алла Тағала Құранда былай ескертеді: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар! Әркім ертеңгі (ақырет) күн үшін не дайындағанына қарасын. Алладан қорқыңдар. Расында, Алла, не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» («Хашр» сүресі, 18-аят). Бұл аяттағы «ертеңгі күн» деген сөз қиямет күні меңзеліп тұр. Қиямет күні өте жақын болғандықтан, ол «ертең» деп айтылады.
Иғтикаф кезінде терең ойға бойлаған адам әлемнің жаратылысындағы әсемдікті, табиғаттағы таңғажайып үйлесімді, Жаратушы Алланың бар, бір, әрі аса құдіретті екендігін ұғынып, өзіне-өзі есеп берері сөзсіз. Шын мәнінде, өз өмірін қалай өткізгені туралы терең ойланған адам қалған өмірін жақсылыққа арнайтыны ақиқат.
Иғтикафка кірген адамның рухы оянып, қамшының сабындай болған бес күндік жалған өмірге ізгіліктің көзімен қарайтын болады. Құлшылық барысында Аллаға деген ықыласы мен махаббатын арттырып, Оның жазасынан сақтануға амал етеді. Жалғыз қалған адам терең ойға батқан сайын оның білімі де молая түседі. Ал білімі артқан сайын амалы да көбейе түседі. Адам баласы Алланың ұлылығын ойлаған сайын Оның әмірлеріне бойсұнып, тыйған тыйымдарынан іргесін аулақ ұстауға тырысады.
Иғтикафқа кірген адамның жасаған құлшылықтары иманына қуат бітіріп, Алланың бар екеніне деген сенімі күшейеді. Бір кісіден «Алланың бар екеніне қандай дәлел айтасың?» дегенде: «Түйенің тезегі түйенің бар екенін білдіреді. Есектің тезегі есектің бар екенін білдіреді. Жерде жатқан із – жүріп өткен біреудің бар екенін көрсетеді. Ал жұлдызға толы аспан, шатқалды-сайлы жер, толқыны таласқан теңіз – соларды жаратқан құдіретті бір Жаратушының бар екенін білдірмей ме?!» деп жауап берген екен. Сол айтпақшы, өзімізден бастап, айналамыздағы жаратылыстардың бәрінің артында Жаратушы тұрғанын сөзсіз айғақтайды. Мұндай ойлар жаратылысқа терең ой жүгірту кезінде пайда болады.
Сөз соңын Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисімен түйіндеуді жөн көрдік: «Рамазан айының әуелгі түні кіргенде шайтандар мен қара ниетті жындар кісенделеді. Тозақтың есіктері біреуі де қалмай жабылады. Жәннаттың есіктері біреуі де қалмай ашылады. Сонда бір үндеуші: «Ей, жақсылық іздеуші, жақсылық істеуге кіріс! Ей, зиян іздеуші, зиян істеуді доғар! Бұл айда Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар және бұл әр түні жүзеге асады» деп хабарлайды».
Алла Тағала қасиетті Рамазан айындағы әр күніміз бен түнімізге мол береке, мол сауап нәсіп етсін. Әмин!
Самат ӘЛІБАЕВ,
Батыс Қазақстан облысының бас имамы