Рамазан айының алғашқы түні

Рамазан айы- он екі айдың сұлтаны болған
берекелі ай. Бұл айда барша мұсылман қауымы ораза тұтып, Аллаға бір табан жақындайтын сәт. Мұсылманның бес парызы болып саналатын ораза айы Қаратөбелік тұрғындар үшін ерекше бастау алды. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз айымен тұспа-тұс келген Ораза айында аудандық мұсылмандар мешітінде жамағат ерте бас қосып, айтпен құттықтап қол алысты. Аудандық мешітте жиналған жамағатқа аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Жасұлан Карелұлы айт қабыл болсын айтып, жамағатты келіп жеткен ұлық айдың берекесімен құттықтады.
«Баршаңызды он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Биылғы Рамазан айы қазақ халқының төл жылы болып есептелетін Наурыз айымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл да үлкен жақсылықтың нышаны. Биылғы жылы аудан үшін оңай болған жоқ. Су тасқынының қауіп қатері де болды. Осы ретте еліміздің амандығы үшін дұға тілекте болып, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне атсалысып, еліміздің бірлігі жолында қызмет қылуға, осы айда қайырымдылық, сауапты істерді жасауға шақырамын» ‘деді.
Өз кезегінде аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бекқазиев Әділжан Төлебайұлы келген жамағатқа Рамазан айының артықшылықтары мен осы берекелі айда жасалатын ізгі амалдар турасында үгіт насихат жүргізді. Құптан намазынан соң жамағат отыз күнге ниет етіп, алғашқы тарауых намазын оқыды.

Қаратөбе аудандық мешітінің баспасөз қызметі