Бүгін (20 наурыз) Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы-теолог, Тілепберген қажы Ахмеджанұлы ауыл әкімдігінің мәжіліс залында, қасиетті Рамазан айына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға Жалпақтал ауылындағы мекеме-ұйымдардың басшылары, ауылдың зиялы қауым өкілдері қатысты. Тілепберген қажы Ахмеджанұлы қасиетті Рамазан айында атқарылатын бірқатар шараларға тоқталды. Атап айтар болсақ, Рамазан айында ауылдағы шағын маркеттер мен азық-түлік сататын дүкендерде алкогольді ішімдіктерді, шошқа етінен жасалған өнімдерді, темекіні, қасиетті айдың құрметіне тоқтату және азық-түлік өнімдерінің бағасын он пайызға төмендету, 150-отбасына қайырымдылық көмек көрсету, әр аптада аз қамтылған, мұқтаж отбасыларына Орал қаласына 25-адамды автокөлікпен тегін барып келу ұйымдастырылады. Оразада отыз күн бойы мешітте ауызаштыру, тарауық намазынан кейін үлкен кісілерді үйлеріне тегін жеткізіп тастау қарастырылады. Ауылдың кәсіпкерлеріне тұрмысы жақсы адамдарға, жоқ жітіктерге қарайласу керек екендігі жөнінен үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілетіндігі жеткізілді. Бас имам Рамазан айының қасиеттері, ораза ұстаудың ерекшеліктері Қадір түні және оразаға қатысты жалпы мәліметтер бере келе, басқосуға қатысқан қауым сұрақтарына және көтерілген тақырыптарға орай бас имам тарапынан нақты жауаптар қайтарылды.
Жамбыл ЖҰМАРЫСТАНҰЛЫ