Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы сағына күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, жомарттық айы, құран айы, тақуалық айы, шапағат айы, жақсылық айы, кешірім айы, зікір айы. Бұл айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар атқаруға ұмтылады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берген – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза–тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деді. Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.
Ендеше, рақым айы – рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп етсін!
ҚМДБ-ның БҚО бойынша
Бас имамы Самат қажы Қанатқалиұлы