Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында Абай Құнанбайұлы мешіті жанында салынып жатқан жатақхана құрылысымен танысты.
Бас мүфти құрылыс жұмысының сапасына және оны жоспарланған мерзімде аяқтау мәселесіне назар аударды. Жатақхана құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-анасынан айырылған жастарды әлеуметтік қолдау мақсатында салынып жатқан жатақханаға 30-ға дейін студент қабылдауға мүмкіндік бар. Студенттер үйінің орналасқан орны қоғамдық көліктермен қатынауға ыңғайлы.
Айта кетсек, жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамасында: «Алла қаласа, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталықтарынан мүмкіндігінше әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған қайырымдылық негізінде мүфтият жатақханаларын ашамыз» деп атап өткен болатын.