Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) Омар ибн Хаттабтың (Алла оған разы болсын) халифалығы бітуіне екі жыл қалғанда өмірге келген. Анасы Хайра Умму Сәләмәның (Алла оған разы болсын) қызметшісі болған. Умму Сәләма Хасанды (Алла оны рақымына алсын) сахабалардың алдына шығарып, сахабалар оған береке тілеп, дұға жасайтын.
Бірде ол баланы Омардың алдына алып шыққанда Омар (Алла оған разы болсын) оған қарап тұрып, Аллаға дұға жасап былай деген еді: «Уа Алла, бұл баланы дін ғалымы еткейсің, сондай-ақ адамдарға сүйікті еткейсің».
Ғалымдарымыз келтірген деректерге сүйенсек, Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) тарихта «Яуму Дар» атауымен есте қалған, хижреттің 35-інші жылы шиғалардың Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) халифалығына қарсы бас көтеру оқиғасына куә болған. Ол кезде жасы 14-те еді. Жеті жасынан бастап намаз оқығаны да тарих кітаптарынан мәлім.
Ол Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) артында тұрып жамағатпен намаз оқитын. Бұл кезде Әли ибн Әбутәліп (Алла оған разы болсын) Мәдина қаласында еді. Әлидің (Алла оған разы болсын) Куфа қаласына барған кезі Османның (Алла оған разы болсын) қазасынан кейін болған еді.
Демек, Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) 14 жасқа толып, Әли (Алла оған разы болсын) Куфа қаласына кеткенге дейін онымен күнделікті бес уақыт намаз кезінде кездесіп отыратын болған. Бұл дерек – Хасан әл-Басридің (Алла оны рақымына алсын) имам Әли ибн Әбутәліптен (Алла оған разы болсын) хадис естігенін растайтын ең маңызды деректердің бірі.
Сонымен қатар Әли (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл жарларының үйіне жиі барып, жағдайынан хабардар болып отыратын. Умму Сәләмә (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл жарларының бірі еді. Хасан (Алла оны рақымына алсын) сол үйде тәрбиеленген болатын.
Бірде имам Әли ибн Әбутәліп (Алла оған разы болсын) Басра қаласына келген кезде қаланың орталық мешітіне кірді. Қараса түрлі оқиғаларды ойдан құрастыратын адамдар орталық мешіттің ішінде отырып, халыққа бір оқиғаларды баяндап беріп отыр екен. Әли (Алла оған разы болсын) олардың барлығын орынынан тұрғызып, Хасан әл-Басридің (Алла оны рақымына алсын) алдына алып келді. Әли (оған Алла разы болсын) оған қарап былай деді:
– Әй, бала! Мен сенен бір мәселе жөнінде сұрамақпын. Егер дұрыс жауап берсең, орныңда қалдырамын. Ал егер дұрыс жауап бермесең, мына шәкірттеріңді тұрғызғанымдай, сені де орныңнан тұрғызамын (негізінде Әлидің (оған Алла разы болсын) Хасанның (Алла оны рақымына алсын) әлгі жастарды туралыққа бастарына көзі жетіп тұрған еді).
– Қалаған нәрсеңізді сұраңыз, – деді Хасан (Алла оны рақымына алсын).
– Діннің ең негізгі тірегі не? – деді Әли (оған Алла разы болсын).
– Тақуалық.
– Дінді бұзатын нәрсе не?
– Ашкөздік, – деді Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын).
– Орныңда отыра бер, – деді Әли (оған Алла разы болсын). Міне, дәл сен секілді адамдар мына халықтың алдында сөз сөйлеуі тиіс».
Бірде Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) Мекке қаласына барады. Ол жерден қасиетті Қағбаға арқасын сүйеген күйде жұртқа уағыз-насихат айтып отырған Әли ибн Әбутәліптің (Алла оған разы болсын) баласын көреді. Хасан әл-Басрий (Алла оны рақымына алсын) оның жанына келіп:
– Діннің ең маңызды ісі не? – деп сұрайды.
– Тақуалық, – дейді ол.
– Ал діннің апаты не?
– Ашкөздік, – деп жауап берді ол. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) оның айтқан сөзіне таңданып тұрды да сөзін былай жалғады: «Тозаңның көлеміндей тақуалық таудың көлеміндей намаз бен оразадан әлдеқайда қайырлы».
Бірде Хасан Басри (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Заттардың күйден-күйге ауысуы болмаса жер де, оның бетіндегілер де құрып кетер еді. Ізгілер болмаса нашарлар құрып кетер еді. Ғұламалар болмаса адамдар хайуандар сияқты тіршілік етер еді. Әмірші болмаса адамдар бірін-бірі құртар еді. Жел болмаса дүние сасып кетер еді».
Ерденбек ИХСАНОВ,
«Орал» облыстық орталық
мешітінің наиб имамы