ІЗГІ ҚОҒАМ

Құран Кәрімнің: «Алла пайғамбарларын жіберу арқылы жер бетін түзеп жөнге келтіргеннен кейін онда бүлік шығарып, бұзғыншылық жасамаңдар…[1]», – деген аяты әр пайғамбардың адамзат қоғамына ізгілік қалыптастыратындығы жайлы баян етеді. Бұл аяттағы «түзеп жөнге келтіру» ізгілік жолына салған соң дегенді білдіреді.

Ізгілік – асыл дінімізде ауқымы кең ұғым. Адам мен қоғамның игілігіне септігі тиетін әрбір жақсылық – ізгілік деп бағаланады. Кісінің ең жақсысы адамдарға (қоғамға) пайдасы тигені деген мағынадағы хадис соны меңзесе керек. Әлемге екінші ұстаз атымен танылған әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында ізгі (қайырымды) қоғам іргетасы мен алғышарттары жайлы ой қозғайды. Талай ойшылдарға бұл мәселеде жол ашқан даңқты ғұлама бабамыз аталмыш шығармасының бисмилләсын Аллаға иман мәселесінен бастайды. Сонымен қатар, қала (мемлекет) басшысы бойынан табылуы қажет он екі қасиет хақында сөз етеді. Ізгілікке ұмтылмайтын қоғам түрлері жайлы ойын бөліседі. Мұндай қоғамдардың ортақ сипат – жақсылыққа ұмтылмау, материалдық игілікті әркез бірінші орынға қою, байлықты бақыт, зұлымдықты жеңіс, әлімжеттікті әділет деп білетін, құндылықтар ұғымы бұзылған һәм бұрмаланған. Әрине, әлемге баға жетпес мұра қалдырған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың ой-пікірінің басты қайнар бұлағы асыл дініміз екені ақиқат.

Құран Кәрімдегі: «Сендерден бұрынғы дәуірлерде өмір сүрген қауымдардың ішінде жер бетінде бүлік шығып, бұзғыншылық орын алмау үшін аянбай еңбек еткен (иман, ілім, көркем мінез-құлық және игі істер сынды) өшпес құндылық иелері болғанда ғой. Өкінішке қарай олардың арасында осынау ұлы мақсатта еңбек еткені үшін (азаптан) аман алып қалғандарымыз өте аз болды…[2]», – деген аят, қоғамның дамуы мен құлдырауының басты факторлары жайлы түсіндіреді.

Риуаяттарда мынадай бір нақыл бар. Бір қала азғындық пен бұзғындық батпағына батқан екен. Алла әмірімен бұзылған қоғамды жазалауға періштелер жіберіледі. Шаһардың шетінде діндар кісінің үйін көреді. Періштелер: «Қала түгелімен бұзылмаған екен. Құдай деген бір пенде бар екен» деседі. Сонда Жаратқан: «Жазаны сол пендеден бастаңдар» деген екен. Бұл риуаяттың айтпағы белгілі. Қоғамның қайырымды (ізгі) болуында әрбір азаматтың титтей де болсын үлесі болады. Сол сияқты қоғамның бұзылуы азғындардың көптігінде емес, жақсылардың немқұрайлы қарағаны себепті екенін ұмытпау қажет. Ең бастысы менің арым таза, намазым мен оразам түгел деген есеппен өмір сүруге болмайды. Ізгі қоғам қалыптасуына әрбір азамат жауапты. Әрі жақсы қоғам қалыптасуында үлкен-кіші үлесі деген болмайды. Ең бастысы, бейжай және немқұрайлы болмау.

Біз әділетті, заң үстемдік құрған және жемқорлық түп тамырымен жойылған қоғамда өмір сүргіміз келеді. Ұрпағымыз ізгі қоғамда өсуін қалаймыз. Алайда, бұл аталған – белгілер ізгі қоғамның жемісі. Жемістің өсіп шығатын бұтағы, бұтаққа нәр беретін тамыры болғанындай ізгі қоғамның алғышарты – Құдайдан қорқу. Құран Кәрімде: «(Уа, мүміндер) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер[3]», – деген аят бар. Аталмыш аятта ізгі қоғамның қалыптасуына қажетті басты себеп айтылуда. Бұл қоғамға бағыт-бағдар беретін, сөзімен және ісімен ізгілікте үлгі болатын жақсылар қалыптасуы керектігін ескертуде.

Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік, ізгі ер азамат, ізгі әйелдер және ізгі қоғам хақында баян етіледі. Ерекше мән беретін жайт, ізгілік пайғамбарлардың басты қасиеті екенін ұмытпайық. Миғраж оқиғасында ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр аспан қабатында өзге пайғамбарлармен кездесуі айтылады. Ең әуелі адамзат атасы Адам (Алланың оған сәлемі болсын): «Қош келдің, ізгі перзент һәм ізгі пайғамбар» деп қарсы алады. Мұнан кейін Мұсаға (Алланың оған сәлемі болсын) дейінгі барлық пайғамбар: «Қош келдің, ізгі бауырым әрі ізгі пайғамбар» деп қауышады. Демек, ізгілік – иманнан бастап, барлық асыл қасиеттердің жиынтығы.

Түйіндей айтқанда, ізгілікті әр қырынан айтуға болады. Алайда, Ибн Хажардың (Алла оны рақымына алсын) берген анықтамасы қысқа да нұсқа түрінде ізгі адамның бейнесін айқындап берген. Хадисші ғұлама «Алла алдындағы пенделік парыздарын толық орындаушы және адамдарға қатысты азаматтың міндетін толықтай атқарушы» дейді. Демек, ізгі адам – иманнан бастап барлық асыл қасиеттерді шама-шарқынша тұла бойына қалыптастыруға тырысқан, әрі сол құндылықтарға сай өмір сүруге ұмтылған жан.

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

[1] Ағраф сүресі, 56-аят.

[2] Худ сүресі, 116-аят.

[3] Әли Имран сүресі, 104-аят.