ІЗГІ ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Адам баласы қауымдасып өмір сүруге бейім жаратылған. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген ұғымды ұғынған халқымыз. Біздің қазақ «Көппен көрген ұлы той» қағидасын өміріне қазық еткен. Кез келген қоғамның өзіне тән өмір сүру дағдысы мен сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрі болады. Адамның тіршілік ету мәдениеті өзі өмір сүріп отырған қоғамдық құндылықтарға бейімделеді. Қалыптасқан құндылыққа «бағынбаған» пенде өзін де, өзгені де игілікке кенелте алмасы анық. Біз осы ретте ізгі қоғам құруға негіз болатын кейбір құндылықтарды атап өтуді жөн көрдік.

Уәдеге берік болу. Уәдеде тұру – мұсылман бойында болуы тиіс асыл мінездердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уәдесі жоқтың – діні жоқ», – деген хадисі көп нәрсені меңзеп тұр. Бұл хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уәдеге берік болу мәселесін дінді ұстанумен теңестіріп отыр.

Уәдеде тұру – ер-азаматқа тән мінездің бірі. Бұл – жігіттің жігіттігін айқындайтын сипат. Жиі уәде беріп, оны орындамайтын адамның қадірі де қасиеті де қашады. Ғалымдарымыз «Уәдені бұзу – ер азаматтың сипатын опат қылады»  деген.

Қазір байқап отырсақ, бізге қарыз алып, берешегін уәделескен уақытында қайтара алмай қалатын азаматтар жайлы жиі сұрақ қояды. Мұндайда жауап беруге сөз таппай қаласың. Әрине, қарызданған кісінің жағдайын түсініп, келісілген мерзімді ұзартудың сауабы үлкен. Алайда жігіт сөзінде тұрып, уәдені уақытында орындауға барын салуы тиіс. Алла Тағала Құранда: «Уәдені орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» («Исра» сүресі, 34-аят) деп ескерткенін ұмытпауымыз қажет. Уәде орындалса, қоғамда ізгілік салтанат құра бастайды.

Сөз жауапкершілігі. Шын мәнінде, адам баласы үшін тілден асқан дос, тілден асқан дұшпан жоқ. Адамды абыройға бөлейтін де, ұятқа қалдыратын да – тіл. Өкінішке қарай, қазір қоғамда көргенімізді емес, естігенімізді айта беретін хәлге жеттік. Бір данышпан кісінің «Екі көзің бола тұра, неге адамдарды екі құлағыңмен көресің?» деген сөзінде үлкен мән жатыр.

Қазір біреуге өтірік айта салу, жала жабу, ғайбат сөйлеу, сөз таластыру, дауласу, өсек айту т.б. жаман әдеттер жиі көрініс табуда. Бұл жаман әдеттер қоғамды дамытпайды. Өйткені адамның тілі дұрыс болмаса, оның жаны да, тәні де, өмірі де дұрыс болмайды. Әйгілі сахаба Әли (оған Алла разы болсын): «Тіл дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде, өзге мүшелер де бұзылады. Аз сөйлеген адам тыныштық табады, қауіпсіз болады», – деген екен.

Иә, көп сөзден біткен бір іс артық емес пе? Қазір сөздің емес – істің заманы. Бүгінде көп сөйлейтіндер емес, көп жұмыс істейтіндер, көп ізденетіндер озып жатыр. Сондықтан біз де сөзден іске көшкеніміз абзал. Сонда ғана біздің қоғам ілгері қадам басады. Жалқаулықпен күрес. Адам баласы бақытсыздыққа тап болса, оны жалқаулығынан табады.

Жалқаулық – адам баласының қас жауы. Хәкім Абай отыз сегізінші қарасөзінде былай дейді: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады».

Ислам діні мұсылманды игі істе белсенді болуға шақырады. Ғалымдарымыз «Иман белсенді болудан тұрады. Ал имансыздық жалқаулыққа итермелейді» деген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сыйынамын», – деп дұға ететін. Осы дұғаны біз жиі айтып, бойымыздағы жалқаулық мінезден барынша арылып, ізгі істерде белсенді болуға тырысуымыз тиіс. «Жігіттің еріншегі жаман» дегендей, өміріміздің соңғы сәтіне дейін жалқаулықпен күресуіміз керек. Жалқаулықпен күрескен адамның қашан да қарны тоқ. Еңбекқор, белсенді адам қоғамды қашан да ілгері сүйрейді.
 

Аманатқа қиянат жасамау. Мына өмір және оның ішіндегі барлық нәрсе бізге аманат. Отбасымыз, кәсібіміз, дініміз, тіліміз бен діліміз, еліміз бен жеріміз, бәрібәрі бізге аманат. Ал аманатқа қиянат жасалған қоғамда ізгілік өрге баспайды. Әр адам өз деңгейіндегі аманатты барынша сезінсе және соған сай әрекет етсе – өзін де, өзгені де бақытқа бөлейді.

Қарапайым ғана мысал, егер сіз мұғалім болсаңыз және оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің аманат екенін жан жүрегіңізбен сезінсеңіз, өз ісіңізге салғырт қарамайсыз. Сол секілді егер сіз дәрігер болсаңыз және алдыма келген науқас маған аманат деп білсеңіз, оның кім, қандай адам екеніне қарамастан дертінен айығып кетуіне бар күшіңізді салар едіңіз. Оған өз ата-анаңызға қарағандай, бар ынта-ықылысыңызды салып, көңіл бөлесіз. Ендеше, Алла Тағала сіз бен бізді аманатқа адал болған пенделерінен еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №1, 2023 жыл