БАС МҮФТИ «ДІН МЕН ДӘСТҮР» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Дін мен дәстүр» орталығының ашылу салтанаты өтті.

Жартылай киіз үй тігіліп, түрлі ұлттық жәдігерлермен жабдықталған орталық бөлмесі бір мезетте 120 адамға дастархан жайып, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуге арналған.

Орталықтың лентасын қиып, құттықтау сөз сөйлеген Наурызбай қажы Тағанұлы: «Дана халқымыз «Шариғат – ағып тұрған бұлақ, бұрынғының сөздері – жағалай біткен құрақ» дейді. Бұлақ пен құрақ бір-біріне қаншалықты жақын ұғымдар болса, дін мен дәстүріміз де бір-бірінен ажыратуға келмейтін дүниелер. Мұны жан-жақты насихаттау мақсатында қазіргі таңда мешіттеріміздің аумағынан киіз үйлер тігіп, алтыбақандар орнатып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жан-жақты насихаттап келеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да негізгі басымдық беретін жұмыс бағыттарының бірі – дін мен дәстүр. Сондықтан Бас мешітте ашылып жатқан бұл орталықтың да көздегені дінмен жымдасып жатқан салт-дәстүрімізді халыққа кеңінен насихаттау болмақ. Алла құтты, берекелі етсін!» деп игі тілегін жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған