Ақжайық имамдары бас қосты

ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан қажы Құралбайұлының бастамасымен  Бәйтерек аудандық мешітінің  бас имамы Бейімбет Дүйсенәлінің қолдауымен облыс, қала, аудан имамдарына арналған «Құрбан» айттың дайындық жұмыстары пысықталды.

 Құрбан айтының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктері айтылып, ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген тапсырма бойынша атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.

Бас имам Бақытжан Құралбайұлы өз сөзінде: Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айы 1 шілде күні басталды. Ал арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.

Құрбан шалу онлайн және офлайн форматта жүргізіледі. Сонымен қатар ҚМДБ-нан «QURBAN2022.KZ» сайты іске қосылғанын, қажетті анықтамаларды осы сайттан алуға болатынын ескертті. 

 Бірінші күні таңғы 6:30 да Оралда Айт намазы оқылады.  


ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған