Ақжайықта айт намазы оқылды

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт намазы оқылды. Осы бір қасиетті мерекеде Орал орталық мешітіне халық көп жиналды. 30 күн оразаның сауабын арқалап, алланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат сәждеге бас тигізіп, аллаға құлшылық етті.

Алдымен ҚМДБ-ның БҚО-ның бойынша бас имамы Бақытжан қажы Құралбайұлы осы бір қасиетті мерекенің ерекшелігі туралы уағыз айтып, облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы Ақжайық жұртын айт мерекесімен құттықтады.

Облыс имамы Бақытжан Сабралиев Рамазан айында 30 күн  құран хатымды шығарған Шымкент қаласының «Ықылас» қарилар орталығының шәкірті, 17 жасар қари  Файзулла Абдулазиз Исаұлының иығына Ақжайық жұртының атынан жапан жауып, астына ат мінгізсе, орталық мешітінің жанындағы «Ақсақалдар» алқасының мүшесі, мешіт жамағаты, тарауық намазын үзбей оқыған, 80 жастағы Амангелді Абдрахмановқа  Орал орталық мешітінің атынан ұмра қажылығының жолдамасын сыйға тартты.           Содан соң мешітке жиналған мұсылман қауым  тілін кәлимаға келтіріп, жүзін құбылаға бұрып айт намазына жығылды.

 Мешіттің жанынан киіз үй тігіліп, бауырсақтар мен көжелер тегін таратылды. Балаларға арналған «Айт құтты болсын» қоржындары берілді.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған