Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков баяндады.
«2021-2022 оқу жылы ҚМДБ оқу орындарын 603 түлек бітірді. Оның 220-ы Нұр-Мүбарак университетін тәмамдады. Биыл Нұр-Мүбарак университетін бітірген 120 түлек, медресе-колледждерді тәмамдаған 217 түлек қызметке орналасты. Ал қалған түлектердің бірқатары білім жолын жалғастырса, бірқатары өзге салаларда қызметке орналасты» деді Смайыл Сейтбеков.
Бөлім басшысының баяндауынша, биыл Ислам институтынан 158 имам білімін жетілдіріп шықты. Діни сауат ашуға қатысқан жалпы жамағат саны – 18 035 адам. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес мешіттердегі діни сауат ашу курстарынан бөлек «Құран жаттау» және «Намаз үйрену» курстары да іске қосылған болатын. Нәтижесінде биыл Құран жаттау курсы 905 мешітте ұйымдастырылып, 16 721 адам қатысса, намаз үйрену курсы 17 267 адамды қамтыған.
Айта кетейік, бүгінде елімізде барлығы 2752 мешіт бар. Осы мешіттерде 4728 дін қызметкері жұмыс істейді.