Мешітте құран оқылды

Облыстық орталық мешітте былтыр қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың рухына Құран бағышталып, ас берілді.Өңір басшысы Нариман Төреғалиев облыстық орталық мешітке барып, Құран бағыштау рәсіміне қатысты.«Құрметті жамағат, қадірменді көпшілік бәріміздің есімізде, былтыр елде қаңтар оқиғасы болып, оқиға кезінде бауырларымыз өмірден өтті. Бүгін сол кезде өмірден өткен жандарды еске алу үшін орталық мешітте құран бағыштап, дастархан жайып, ниет етіп отырмыз. Құран бағыштау үшін арамызға облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері келіп отыр. Енді қазақтың даласында осындай қиын жағдайлар орын алмасын, тыныштығымыз бұзылмасын», – деген ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлы жиналған жамағатпен бірге қаңтар құрбандарын еске алды. Кейін олардың рухына арнап құран хатым дұғасы жасалды.Құран бағыштау рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қаңтар оқиғасы құрбандарының рухына бағышталған құраннан соң жиналған жамағатқа:«Әрбір отбасыдағы береке – елдің бірлігі мен тұрақтылығы деп түсінуіміз керек. Кешегі қаңтар оқиғасы барлығымызға үлкен ой салды деп айтуға болады. Мемлекет басшысы былтыр наурыздағы Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысты: «Біз қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын, егемендігі мен тәуелсіздігін әрбіріміз жақсы сезіндік», деген еді. Осындай қанды оқиғалар болған облыстарда қаншама әкелер мен аналар сәбилерін, балаларын, балалар ата-аналарын, бауырларын жоғалтты. Болған оқиғалардың бәрін өз көзімізбен көрдік, естідік. Елді қорғаймын деп өмірден өткен азаматтарымыз сол жерден, сол сәтте табылды, өз жандарын құрбан етті. Өлі разы болмай, тірі байымайды деген бар, бүгін Құран бағышталып, ас беріліп жатқанының өзі біздің азаматтық парызымыз, – деді өз сөзінде өңір басшысы.Гүлмира Сәрсенғали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған