Бүгін Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, университетке қарасты Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығының директоры, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Шамшәдин Керімнің 60 жылдығына арналған «Ұлы даланың діни тұлғалары және рухани бірегейлік мәселесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды.
Конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Мұхаммад аш-Шахат әл-Жинди, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов (онлайн), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес, сонымен қатар шетелдік және еліміздің ғалымдары, дін қызметкерлері қатысуда.
Айта кетейік, конференция барысында «Ұлы дала елінен шыққан діни қайраткерлердің мұрасы және Ислам өркениеті», «Сығанақи мұраларын зерттеудің өткені мен бүгіні», «Дін және салт-дәстүр сабақтастығы, діни түсіністік пен рухани бірегейлік мәселесі», «Қазақстандағы фольклортану араб филологиясы және исламтану, дінтану мәселелері», «Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы ғылым-білім және тарихи, діни, мәдени байланыстар» секциялары жұмыс істейді.