ҚҰРБАН АЙТ-2024: ҚАСАПШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен «Қасапшылық – сауапты hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-офлайн семинар өтті.

Семинарға Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы Батыржан Берденұлы,  «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Бақзейнелұлы және жергілікті бақылаушылар мен технологтар, өңірлік қасапхана қызметкерлері қатысты. 

Бөлім меңгерушісі Батыржан Берденұлы қасапшылықтың маңызды іс екенін атап өтіп: «Алла Тағала Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…» Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деп айтқан. Сондықтан құрбан шалудың әдебін, шарттарын біліп алу керек» деді 

Айбек Асқарбекұлы барлық өңірде құрбандық шалатын арнайы орындар әзірленіп, әрбір қасапханада сертификатталған қасапшылар қызмет атқаратынын жеткізді. Және де шариғат нормаларын сақтап, халал стандартқа сай мал сою – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Бауыржан Әбдуәлі мен Данияр Бақзейнелұлы құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндіріп, халал стандартқа сай мал бауыздау және ет өңдеу шарттарын баяндады. Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.