Батыс Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен барған «Халал Даму» бас сарапшы-технологы А.Омарова «Жайық ет» құс фабрикасында бақылау-қадағалау шараларын жүргізді.
«Жылына 7 мың тонна құс етін өндіретін «Жайық ет» кәсіпорны еуропалық заманауи техникамен жабдықталған. Қазіргі таңда еліміздің батыс өңірін құс өнімдерімен қамтып қана қоймай, көршілес Ресейге де құс етін экспорттаумен айналысады. Бүгінгі аудит барысында құс фабрикасының бекітілген «QMDB Halal» стандарты талабына сәйкестігі тексерілді.
Құстың жұмыртқаларынан бастап, балапандардың инкубаторда өсуі, қоректенуі, бауыздалуы секілді барлық процесс қадағаланады. Сонымен қатар, сулы ванна температурасы, конвейрде айналу ұзақтығы, салқындатқышта ұстау кезеңдерінің де халал стандартқа сәйкес орындалуы назарға алынды. Тексеріс нәтижесі оң, стандарт талаптарын бұзу жағдайлары тіркелмеді.
Айта кетейік, «Халал Даму» басшылығы мен мамандарының қатысуымен жүргізілетін аудит шаралары еліміздің батыс өңірінде жалғасуда.