Батыс Қазақстан облысының “Ар-Рахман”мешітінің наиб имамы Бағдат Русланұлы мен Батыр Тәжіденұлы атындағы Орал қалалық мешітінің наиб имамы Назымбек Иманғалиев соғыс ардагері Шолубай Барис атамыздың отбасына барып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, арнайы сыйлық табыстады.
Қаһарлы, қатал қаншама жылдар бойы қаһармандықпен соғысқан миллиондаған адамның қатарында қан майданда Барис атамыз да ерлікпен шайқасты.
Осы жүздесудің өскелең ұрпаққа берері мол. Өйткені соғыс ардагерлері майдандас жолдастарын еске алып, қанды қырғындағы бастан кешкендерін шынайы әңгімеледі. Мұның өзі бүгінгі ұрпақтың бойындағы елжандылық қасиеттің кеңінен өрістеуіне жол ашатыны анық.
Кездесу соңында наиб имам Бағдат Русланұлы соғыста қаза болғандардың рухына арнап дұға бағыштады.
Облыстың бас имамы Самат Алибаевтың ыстық сәлемін айтып, бағалы сыйлықтарын ұсынды.
Көрсеткен құрметіне ардагер атамыз ризашылық білдіріп, еліміздің жеріміздің амандығын тілеп, бата берді.
Нұрлан Саматұлы