Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен тағы бір аймақ Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласына Жетісу облысы, Талды-Қорған қаласынан гуманитарлық көмек келді.
Аталған аймаққа жәрдем жүк көліктердің көшін бастаған ҚМБД-ның Жетісу облысының Жастар ісі секторының меңгерушісі, әрі баспасөз хатшысы Ерлан Кеңесбекұлы, аталмыш облыстың “Зекет және қайырымдылық” қорының өкілі Омар Хадысұлы, Панфилов ауданының наиб имамы Данияр Нұржанұлы арнайы келіп, Орал қаласындағы “Ар-Рахман” мешітінің бас имамы Самат Алибаевқа Жетісу өңірінің бас имамы Керімбек Сәрсенбайұлы мен жамағаттың сәлемін жеткізді.
Батыс Қазақстан облысына 40 тонна гуманитарлық зат жинақталған ауыр жүк көлігі келді. Қаржылай 9 000 000 теңгені берді. Су тасқынына зардап шеккен халыққа ең қажетті заттар, атап айтқанда жаңа киім, азық-түлік, ішетін су, көрпе-төсектер қамтылған. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер, балаларға жөргектері (памперс) және төсек жабдықтары бар.
«Еліміздің біршама өңірлерінде болып жатқан су тасқынына Алла жеңілдік берсін. Осындай қиын кезеңде ел болып, бір-бірімізге жәрдемдесу маңызды іс. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы үшін дұға тілеп, су тасқынынан зардап шеккендермен жүздесіп, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы атынан қиын сәтте қол күшімен де азық-түлікпен де көмектесуді тапсырған болатын. Осы орайда қиындықта ел бірге деп, Жетісу өкілдігінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаттары атынан аманат ала келдік. Алла елімізге амандық берсін», – деп наиб имамы Ерлан Кеңесбекұлы дұға жасады.
Қиын кезінде әр өңірден елім деп келген бауырлар мен жауынгер сарбаздарға ыстық тамақтарды пісіріп, арнайы барып, сарбаздарға өз қолдарымен ұсынды. Жүздесті. Қиыншылықта имамдардың да елмен бірге екенін дәлелдеді
Нұрлан Саматұлы