Қасиетті Рамазан – Алланың парыз қылған оразасын ұстап, күнәлі істерден барынша бойды
аулақ ұстайтын ай. Ұлық айдың құрметіне орай, ораза басталған сәтте ауыл әкімдігінде әдемі
кездесу өтті. Оған Ақжайық ауылдық округінің әкімі Б.Қадыралиев, Ақжайық полиция
бөлімшесінің бастығы Р.Рахимов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы М.Әкім және ауыл кәсіпкерлері қатысты.
Жиын барысында арақтың атамыздың асы еместігі, оны ішу дініміздегі үлкен күнәлардың қатарынан екендігі, адамның өзіне, отбасына, қоғамға және жүргізіп отырған кәсібіне тигізетін зияндары туралы кеңінен сөз болып,
қасиетті айдың құрметіне оны сатпау туралы ұсыныс айтылды. Ауылымыздағы кәсіпкерлер бұл ұсыныс-тілегімізді бірден қабыл алып, ішімдік атаулысын сатуды уақытша тоқтататындарын жеткізді. Олар сөздеріне тұрды. Бір ай бойы дүкендерде арақ сатылған жоқ.
«Сабақты ине сәтімен» демекші, осы қасиетті айда сауаптан үміт еткен ауыл жастары, нақтылап айтқанда 1987 жылы
туғандар мешіттің ішін толық жабатын кілем алып берді. Содан соң ауыл тұрғындарының қолдауымен ғибадат үйіне жақсылап жөндеу жүргізілді. Керме төбе тартылып, терезе жабындар алынды. Сөйтіп сән-сәулеті келіскен
мешітімізде ауызашарлар, тарауих намазы және өзге де іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Осындай үлгілі істерге бастамашы болған, қолдаған ауыл басшылығына, полиция бөлімшесіне, ардагерлер кеңесіне,
кәсіпкерлерге, жастарға, жалпы ауыл тұрғындарына мешіт жамағаты атынан ризашылығымды білдіремін.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят)
деген. Осындай игі бастамаларымыз, өнегелі істеріміз алдағы уақытта да дәстүрге айналып, жалғасын таба бергей.
Бұл ауылымыздың дамуына, ырыс-ынтымақтың, бақ-берекеміздің еселенуіне кепіл болары сөзсіз.
Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Жаратқан иеміз
су тасқынынан зардап шегіп жатқан отандастарымызға жар болғай, ел-халқымызды табиғи апаттардан, түрлі
індеттерден аман сақтағай! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!
Ерік БӨКЕНБАЕВ,
Ақжайық ауылдық мешітінің имамы,
Теректі ауданы