БАС МҮФТИ ТҮРКІ ЕЛДЕРІ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Түркі елдері мүфтилерінің төртінші отырысы өтті.

Алқалы жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубаничбек Омуралиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Нуриддин Холиқназаров, Түркия Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Али Ербаш, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Түрікменстан мұсылмандары басқармасының жетекшісі, мүфти Ялкап Ходжакулиев, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің төрағасы Абдиманап Масалиев қатысып, баяндама жасады.

Жиында алдымен Құран аяттары оқылып, дұға жасалды. Бас хатшы Кубаничбек Омуралиев Түркітілдес елдер мүфтилері кеңесінің маңызына тоқталса, Наурызбай қажы Тағанұлы кеңес жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді. «Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер кеңесін құрудағы мақсат – түркітілдес халықтардың ынтымақтастығы мен бауырластығын одан әрі нығайту, сондай-ақ түркі дүниесінің тарихи, рухани және мәдени мұрасын сақтау бағытында қабылданған шешімдер мен бастамаларды іске асыруды жан-жақты қолдау болатын. Сол себепті кеңес жұмысын одан ары қарай жандандырып, Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан діни басқармалары арасында тәжірибе алмасулар ұйымдастырып, бірлескен ғылыми, танымдық, тәжірибелік іс-шаралар легін көбейтуіміз қажет» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти баяндамасында бұл бағытта Ислам құндылықтары мен руханиятын дәріптей отырып, түркі халықтарының дінаралық байланыстын арттыру; нәсілдік, діни, этникалық бөлінушіліктерге жол бермей, саяси идеологиялық арандатушылыққа қарсы тұру; Түркі мүфтилері кеңесі аясында бірлескен ғылыми-рухани орталықтар құрып, ғалымдар мен оқытушылардың, шәкірттердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау; түркі дүниесіне ортақ діни, дәстүрлі мерекелер мен түркі халықтарына ортақ көрнекті дін, ұлт қайраткерлерінің мерейтойларын бірлесіп өткізу; Ислам туризмін дамытуға арналған бірлескен іс-шараларды атқару;  түркітілдес елдердің сирек кездесетін рухани, діни, мәдени мұраларын, қолжазбаларын сақтау ісінде тәжірибе алмасып, көшпелі көрмелер ұйымдастыру секілді бастамаларды атап өтті. Жиынға қатысқан Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан мүфтилері де Ташкенттегі басқосудың маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, Түркі елдері мүфтилерінің бұған дейінгі басқосулары Стамбұл (Түркия), Баку (Әзербайжан) және Түркістанда (Қазақстан) өткен болатын.