АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ КӨРКЕМ МІНЕЗІ

Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет. Әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйлығы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез – сол тәрбиенің шыңы. Әрбір саналы мұсылман баласы көркем мінездің биік үлгісі ретінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ… 

Алла елшісінің отбасы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзатқа отбасымен қандай қарым-қатынаста болу керек екені жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – әйелдеріне ерекше құрмет көрсете білген адам. Өзінің хадисінде: «Сендердің жақсыларың –отбасыларыңа жақсы болғандарың. Отбасына ең жақсы қарайтын адам менмін», – деген (Термизи).

Пайғамбарымыздың әділдігі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішінде ең әділі еді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Алла разылығы үшін куәлік еткенде, тіпті  өздеріңнің ата-аналарың мен туған-туыстарыңа зияны тисе де, қара қылды қақ жарған әділ болыңдар», – деген («Нисә» сүресі, 135-аят).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында Бану Махзум тайпасынан шыққан бір әйел ұрлық жасаған еді. Сол кезде артынан руының ұлықтары келіп, үкімді іске асырмауын өтініп, кешірім жасауын сұрайды. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаным құзырында болған Алламен ант етейін! Егер оның орнында Мұхаммедтің қызы Фатима болса, сол үкімді іске асырар едім» (Мүслим) деген еді.

Сөйлеу әдебі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзі анық әрі, нық шығатын. Тыңдаушы адам тез түсініп, жаттап алатындай халде болатын. Бұл жайында Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан сұралған кезде: «Пайғамбарымыз бір нәрсе жайында айтса, анық, үзіп айтатын қасындағы адам жаттап алатын» (Бұхари).

Балалармен қарым-қатынасы. Әнастан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз балалардың қасынан өтіп бара жатқан кезде олармен амандасатын» (Бұхари). Намаз оқып тұрғанда баланың жылағанын естісе, анасы уайымдай ма деп, намазын тез аяқтайтын.

Мейірімі мен кешірімі. Алла Тағала Құран Кәрімде сүйікті елшісі жайында: «Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік» деген («Әнбия» сүресі, 107-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде де оларға қарсы дұға жасамаған.

Қарапайымдылығы. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішіндегі өте қарапайымдысы еді. Ол байдың да, кедейдің де шақыруын қабыл алатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мені қойдың жамбасын асып шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартса, қабыл етер едім», – деген екен (Бұхари). Бұл жерде «курағ» еті жоқ құр сүйекті айтып отыр. Адам үшін сыйлықтың сапасы мен құны маңызды емес. Маңыздысы – сол сыйлықты тарту еткен адамның ізгі ниеті мен пейілі.

Уәдеге беріктігі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар», – деді (Ахмад).

Тақуалық. Көркем мінездің патшасы – тақуалық. Ол Алланың әмірлерін орындап, тыйымдарынан қашу арқылы Оның азабынан сақтану дегенді білдіреді. Тақуалық – иманнан кейін тұратын мүминге ғана тән дара қасиет. Тақуалық шынайы қорқыныш пен кіршіксіз махаббатты қоса қамтиды. Қорқу біржақты болмайды. Алладан қорқу Оны терең танып-білуге жетелейді. Бұл – адамның әртүрлі жаман қасиеттерден, індет көзі тәкаппарлық, қызғаныш пен көреалмаушылық секілді және тағы басқа да күнәлардан тазарып, парыздар мен сүннеттерге, бүкіл асыл қасиеттерге ие болу деген сөз. Міне, тақуалықтың ең жоғарғы дәрежесі – осы. Алла Тағала былай дейді: «Уа, мүміндер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят). Оразадағы мақсат – адамның тақуалық шыңын бағындыруы. Бұл – барлық құлшылық түрінде болуы ләзім сипаттың бірі.

Басқа бір аятта: «Оның (құрбандықтың) еті де, қаны да Аллаға бармайды. Сендердің тақуалықтарың ғана Оған барады», – дейді («Хадж» сүресі, 37-аят). Бұл аяттан біз кез келген құлшылықтың Алла Тағалаға тигізер еш пайдасы жоқ, адамның тақуалығы маңызды екенін байқаймыз. Атақты хадисте: «Алла елшісі бізге көзге жас, жүрекке тебіреніс беретін әсерлі бір уағыз айтты. Біз: «Уа, Алланың елшісі! Бұл қоштасып жатқан адамның уағызындай болды ғой. Ендеше, бізге нені өсиет етесіз?» – дедік. Ол былай деді: «Сендерге Алладан қорқуды, сондай-ақ қара нәсілді бір құлды басшы етіп тағайындаса да, тыңдауды және мойынсұнуды өсиет етемін», – деді (Термизи). Атақты сахаба Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) тақуалықты былайша түсіндірген: «Тақуалық – Жаратушыдан шынайы қорқуың, Құран мен сүннетке амал жасауың, азға қанағат қылуың, соңғы сапарға дайындығың. Тақуалық жемістері мыналар:

Бірінші, Алланың махаббаты нәсіп болады, Алла Тағала:  «Шүбәсіз Алла тақуа жандарды жақсы көреді» деген («Тәубә» сүресі 4-аят).

Екінші, Алланың екі дүниедегі мейірімділігі. Алла Тағала: «Хақ Тағала: «Азабымды қалаған құлымның басына келтіремін, ал рақымым болса, бар нәрсені қамтиды. Сондықтан рақымымды тек тақуалық аясында өмір сүретіндер, дүние-мүліктерінен Алла жолында һәм мұқтаждарға жұмсайтындар және барлық аяттарымыз бен өздеріне көрсетілген мұғжизаларымызға иман келтіргендеге ғана жазамын» деп айтты» («Ағраф» сүресі, 156-аят).

Үшінші, Алланың жәрдемі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Алла азабынан қорыққан құлдарымен әрі Хақ тағаланың, өздерін көріп, бақылап тұрғанын жадында ұстап үнемі игі істер істейтін ізгі жандармен бірге», – деген («Нахл» сүресі, 128-аят).

Төртінші, Алладан қорыққан құлдарға Алла жол көрсетіп, ойламаған жерден ризықтандырады. Құран Кәрімде: «Кімде-кім Алладан шынайы қорықса, тығырықтан шығар жол ашып береді. Сондай-ақ оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді» делінген («Талақ» сүресі, 2-3 аяттар).

Бесінші, Алланың достығы нәсіп болады. Құран аятында: «Алла тақуа жандардың жанашыр досы» делінген («Жәсия» сүресі, 19-аят).

Алтыншы, тақулардың ізгі амалын Алла қабыл етеді. Құран Кәрімде: «Расында Алла тақуа құлдарынан ғана қабыл алады», – делінген («Мәидә» сүресі, 27-аят).

Жетінші, күнәлары кешіріледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Ендеше Алладан лайықты түрде қорқып, Оған қарсы келуден сақтаныңдар және әрдайым жібі түзеу сөз айтыңдар! Сол арқылы Алла істеріңді түзу қылып, күнә-қателіктеріңді кешіреді», – деген болатын («Ахзаб» сүресі, 70-71 аяттар).

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ,

Солтүстік Қазақстан

облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №18, 2023 жыл