ІЗГІЛІККЕ БАСТАЙТЫН ЖОЛ

Алла Тағала адам баласын басқа жаратылыстардан ардақты әрі құрметті етіп жаратты. Арыстан қаншалықты айбатты, жолбарыс қанша жерден қайратты болса да, адамнан артық емес. Жаратқан Иеміз адамдарды құрлықта еркін өмір сүре алатын, суда жүзе алатын, тіпті аспанды да шарлай алатын дәрежеге жеткізді. Сайып келгенде адамнан абзал жаратылыс жер бетінде де, басқа ғаламшарда да жоқ.

Адамның хайуаннан, жалпы басқа жаратылыс түрлерінен артық болуын сөйлеуі, еркін ойлауы, таңдауынан бөлек, заттарды ұстау, оны көру, дауысын есту, иісін сезу мүшелерінің денесінде ретімен, ғажап күйде орналасқанынан-ақ білуге болады. Бұлардың бәрі жеке нығмет десек, солардың ішінде тіл, яғни сөйлей алуымыз – өз алдына үлкен тақырып. Өзіміз күнде сөйлеп, басқалардың айтқанын естіп-тыңдап жүргеннен кейін адамдардың тілдік қатынасын қалыпты нәрсе көреміз. Ал әлдебір тотықұс айтқанымызды қайталап, сөйлей қалса, таң қалатынымыз шындық. Негізі тотықұс та, басқа жаратылыстар да адамға таң қалуы керек. Себебі адам тек біреудің айтқанын қайталамайды, ол өздігінен ойланып сөйлей алады. Жақсы не жаман сөзді, қажет не қажетсіз сөздерді өзі таңдай алады.

Осы тұста тіл нығметінің қадірі жөнінде айтып өтейік. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз» («Нахыл» сүресі, 97-аят) дейді. Яғни Жаббар Иеміз баяндаған «түзу істі» жақсы сөз деп алсақ, ол міндетті түрде адамдарды, жалпы қоғамды ізгілікке, жақсылыққа бастайтын жол болмақ. Өйткені бабаларымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» десе, қазіргі заманның психолог, коучтары (бағыт-бағдар беруші) адам үнемі жақсы сөз ғана айтып, позитив ойда жүрсе, оның алдынан тек жақсылық шығады. Керісінше, ойлағаны негатив, сөйлегені жаман, пайдасыз сөз болса, оның көретіні жамандық болмақ дейді. Демек «сөз қадірі – өз қадірің» деген тәмсіл бекер айтылмаған.

Ардақты Пайғамбарымыздың да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан ерген үмбетіне «Жақсы сөз сөйле немесе үндеме» деп өсиет айтуы тегін емес. Бүгінгі таңда сөйлеу тек тілмен, ауызекі ғана емес, жазумен де байланыстырамыз. Өкінішке қарай, отыз қарауылы, оның сыртында екі алып қамалы болса да, көбіміздің тіліміз орынсыз сөйлеп, ел арасына іріткі салып жатыр. Қолымыз да ырыққа көнбей, қоғамда теріс пікір қалыптасып, ұлт тұтастығына қауіп төндіруде. Әсіресе ата дінімізге шүйлігіп, Исламды ұлттық құндылығымыздан бөле жарып қарайтындар көбейді. Бір өкініштісі, сан ғасырдан бері болмыс-бітімімізге айналып кеткен мұсылманшылығымызды мойындай алмай жатқандардың басым көпшілігі ата-анасы, әулеті мұсылман болған өзіміздің қазақтар…

Әлеуметтік желіде әл бермей жүргендердің дені діннен хабарсыз, бірақ мазақтауға, ақпаратты бұрмалауға келгенде шебер-ақ. Қазіргі тілмен айтқанда «хайп» жасаймыз деп айыпты болып жатқанын білмейді де. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге қатарынан тұрған екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып: «Мұнда жатқан екеуі де азап шегуде. Бірақ соншалықты үлкен ісі үшін емес. Бірі истибра етпейтін (кіші дәретіне мән бермейтін адам), екіншісі, адамдар арасында сөз таситын еді» деп айтқан. Яғни адамдар арасында сөз тасу да – тілдің кесапаты. Біреудің айтпағанын айтты деу немесе айтылған сөзді бұрмалап, өзінің мақсатына қолдану да дұрыс іс емес. Жалған сөйлеу, жалған ақпарат беру ешкімге абырой бермейді.

Өзімізді түзеу үшін алдымен сөзіміз түзелуі керек екен. Имам Тирмизиден жеткен хадисте: «Әр күні таңертең дене мүшелері тілге былай деп жалбарынады: Біздің атымыздан сөйлегенде Алладан қорық, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» деп баяндалған. Аталарымыз «Тау мен тасты сел бұзар, адамзатты сөз бұзар» деп бекер айтпапты. Пышақпен нанды турауға және біреуді жарақаттауға болатыны секілді, отыз тістен шыққан жақсы сөзімізбен біреудің көңілін көтеруге де, жаман сөзбен жанын жаралауға да болады. Ал таңдау өз еркімізде. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Хазреті Әлидің (оған Алла разы болсын) сөзімен тәмамдаймыз: «Тіл дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде, өзге мүшелер де бұзылады. Аз сөйлеген адам тыныштық табады, қауіпсіздікте болады».   

Бауыржан НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,

Өскемен орталық мешітінің бас имамы