Сарыөмір ауылында жаңа мешіт бой көтерді

Қасиетті жұмада Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында «Шалқар» атты жаңа мешіт бой көтерді.

Жергілікті халықтың бастамасымен, иманды азаматтардың қолдауымен жаңа мешіт ашылды.
Ғимаратқа бір мезгілде 100 адам сияды.

Мешіттің ашылу салтанатына облыстық «Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Самат қажы Қанатқалиұлы арнайы келіп, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді.

Сондай-ақ, мешіт құрылысына атсалысқан жергілікті тұрғындарға,иманды азаматтарға облыстың бас имамының атынан алғыс хатпен марапат, жаңа мешітке сыйлықтарын тарту етті.

Ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асқан Азамат Кенжеғалиев ел ағаларымен ақылдаса келіп, құрылысты бастауға бел буған.

Мешіттің ашылу салтанатында құран аятын Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы Ерлан Әйтенов оқыса, облыс имамы Самат Әлібаев дұға жасады.

Салтанатты шарада сөз алған Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов жиналған жұртшылыққа аудан басшылығының сәлемін, ақжарма алғысын жеткізсе, ауыл ақсақалы Кенжебек Әлжанұлы барша қауымға ақ батасын берді.

Жаңа мешітте Жұма намазын оқыған жамағат еліміздің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Сондай-ақ, қасиетті жұмада жиналған көпшілік арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күресі, қой көтеру ойындарының жеңімпаздарын марапаттады.

Бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Нұрлан Саматұлы,
Теректі ауданы, Сарыөмір ауылы