ШАРИҒАТ АУКЦИОНҒА ҚАТЫСУДЫ ҚҰПТАЙ МА?

Аукцион (лат. аuctіo – бәсеке сауда) – көпшілік алдында кім артық төлем ұсынса, бұйым және т.б. зат соған сатылатын бәсекелес жария сауда. Жұмһур ғалымдар сауданың бұл түріне рұқсат береді (Сарахси, «Әл-Мәбсут», 15/138. Тахауи, «Мухтасар ихтиләфи әл-уләмә», 3/60. «Хәшияту әл-Адуа әлә кифәяти әт-тәлиби әр-рәббани», 2/137. Ибн Хажар әл-Һәйтәми, «Тухфәту әл-мухтаж», 4/313. Әл-Бәһути, «Кәшшәфу әл-қаннағ», 3/183.  

Әнас ибн Мәликтен жеткен риуаятта былай делінген: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім мына тоқым мен шыны ыдысты сатып алады?» – деді. Бір кісі екеуін бір дирһамға алатынын айтты. Сонда ол: «Бір дирһамнан артық беретін адам бар ма?» – деді. Сол кезде біреу екі дирһам ұсынады. Алла елшісі ол екі затты соған сатты» (Термизи, Әбу Дәуіт).

Кейбір ғалымдар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олжа мен мұрадан түскен заттан басқа біреудің саудасы аяғына жетпейінше, оның үстінен сауда жасауға тыйым салғанын (Ахмад, Бәйһақи) алға тартып, аукционмен шұғылдануды мәкруһ санаған. Алайда бұл хадисті жұмһур ғалымдар тауардың бағасы нақтыланып, тараптар келісіп жатқанда үстінен саудаласу деп түсіндірген. Ал аукциондағы жағдайға келсек, онда баға нақтыланбай әрі сатушы мен сатып алушы нақты келісімге келмей жатып жүзеге асып тұр. Тіпті сатушының «кім артығымен береді» деп айтуының өзі айтылған бағаға разы емес екенін білдіреді (Мұхаммад Тақи Усмани, «Фиқһу әл-буюғ», 1/124-126). Сондықтан аукционға шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Алайда төмендегі шарттар табылуы тиіс:

1) Қатысушылардың тауардың бағасын сатып алу ниетімен көтеруі (әд-Дурру әл-мухтар, 4/133. Әл-Қәуанину әл-фиқһия, 175. Тухфәту әл-мухтаж, 4/314. Әл-Муғни, 4/279. Кәшшәфу әл-қаннағ, 3/183). Бағаны жасанды түрде көтеріп, басқалардың сатып алуына зиян жасамауы керек (Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 9/219).  Ибн Омардан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз «нәжшке» тыйым салды», – делінген (Бұхари, Мүслим). Мұндағы нәжш дегеніміз – затты сатып алмаса да басқаларды сатып алуға ынталандыру мақсатында бағаны (қолдан) көтеру немесе сауданы жандандыру үшін заттың бойында жоқ қасиетті асыра мақтау. Нәжш – харам, оның негізгі көріністері мыналар:

  • Сатып алушылар қымбат бағамен алуы үшін затты сатып алғысы келмейтін біреудің тауардың бағасын көтеруі;
  • Затты сатып алмайтын біреу тауарды қолданғандай әрі оны таң қалдырғандай кейіп танытып, сатып алушыны қымбат бағаға алуға итермелеуі үшін мақтауы;
  • Саудаласып жатқан адамды алдау мақсатында заттың иесі немесе агенті яки делдалы тауарды белгілі бір бағаға алдым деп жалған мәлімдеме жасауы;
  • Нәжштің шариғатта тыйым салған заманауи көріністерінің бірі – радио, теледидар және әлеуметтік желі арқылы жұртты қызықтыру үшін тауарды шындыққа жанаспайтын жоғары сапаға ие ретінде сипаттап жарнамалауы немесе сатып алушының затты сатып алуға мәжбүрлейтіндей бағаны көтермелеуі (әл-Һидая, 3/53. Тәбиину әл-хақайық, 4/67. Әл-Ум, 3/92. Әл-Муғни, 4/214. Әл-Мәжмуғ, 12/34. Абдулуаһһаб Абу Суләйман, Фиқһ әл-муғамәләти әл-хадисия, 358. Ислам Фиқһи Академиясының 8-отырысында аукционға қатысты қабылданған № 73 (4/8) қарары.

2) Әділдікпен өтуі, яғни сатушы мен сатып алушы құпия келісім жасап, аукцион мен тендерді көзбояушылық ретінде жүзеге асыруға болмайды;

3) Сатылатын тауардың шариғатта харам етілген нәрсе болмауы;

4) Аукционды жүргізу процесі, кеңсенің қоятын талаптары мен шарттары шариғатқа қайшы келмеуі тиіс (Ислам фиқһы академиясының журналы, 8-саны, 2/25).

Аукционға қатысамын деген адамнан кепілдік сұрауға рұқсат етілген және конкурстан өте алмаған қатысушыға оны (кепілдікке қойылған нәрсені) қайтаруы тиіс. Ал аукционды ұтқан адамның алдын ала берген кепілдігі (аукционнан ұтқан заттың ақысына төленетін) негізгі сомасына қосылып есептеледі. Сондай-ақ аукционға қатысу үшін «кіру жарнасын» төлеудің шариғи тұрғыдан оқасы жоқ. Бірақ ол іс жүзіндегі негізгі құнынан аспауы тиіс.

Шешім:

Аукционға қатысуға шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Алайда төмендегі шарттар табылуы тиіс:

  • Аукционға қатысушылардың бағаны сатып алу ниетімен көтеруі;
  • Тауардың шариғатта рұқсат етілген зат болуы;
  • Әділ өтуі;
  • Аукционды жүргізу процесі, кеңсенің қоятын талаптары мен шарттары шариғатқа қайшы келмеуі.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл