ҚҰРАН ТҮСКЕН ТҮН

Қадір түні – түндердің ең қайырлысы. Хадисте айлардың қайырлысы – Рамазан, түндердің қайырлысы – Қадір түні, күндердің қайырлысы Жұма екені айтылған. «Анығында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады», – деп Құранның «Қадір» сүресінде айтылғандай, Қадір түнінің басты ерекшелігі – мың айдан да қайырлы болуында. Мың айды есептеп қарайтын болсақ, 83 жылдан астам уақыт екен. Адам өмірі, орташа есеппен алғанда, 70-80 жыл шамасында. Ал мың айдан да абзал Қадір түнінде Хақты ұлықтаған адам, бүкіл ғұмыр бойы құлшылық еткендей сауапқа кенелмек. Биыл Қадір түні сәуірдің 17-нен 18-не қараған түнге сәйкес келеді.