БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ НҰР-МҮБАРАК СТУДЕНТТЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл Алматыда Нұр-Мүбарак университетінің студенттерімен жүздесті.

Хасан Ташайұлы оқуын тәмамдап, маман атанғалы отырған түлектерге мүфтият қызметінің сан қыры мен еліміздегі ата дін саласындағы қызмет жайлы түсіндірді. Бірнеше жыл Шариғат және пәтуа бөлімінде қызмет атқарған ол студенттермен сұхбатын өзінің білім алу жолынан бастады. Елімізде әлі діни білім ордалары ашылмаған кезеңдегі жағдай мен ислам жолында білім алудың артықшылығына да тоқталды. Діни жоғары білімді көрші Өзбекстанда алуға тура келген Хасан Ташайұлы еліміздегі еңбек жолын Талғар ауданынан бастаған.

Осылайша ҚМДБ құрамында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан мәртебелі мейманның жастарға айтар насихаты аз болмады. Діни оңалту саласында да жемісті қызмет атқарып жүрген Хасан Ташайұлы болашақ түлектерге: «Бір сұрақ – бір адамның тағдыры» дей келе, халықпен қызмет ету барысында кездесетін жағдайларға да тоқталды. Сондай сәтте қандай амал істеп, қалай қадамдар жасау керектігін тәптіштеп түсіндірді. Болашақ
түлектер де көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.