ҚМДБ-ның Петропавл қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жергілікті әйел жамағатқа арналған халал турасында оқу-семинар өткізілді. Семинарға «Халал Даму» технологы Омарова Айжан қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – от анасы, әйел қауымның дініміздегі халал мәселесі жөнінде ақпарат беріп, білімін жетілдіруге негізделген.
«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Өйткені, ол – бойға қуат сыйлайтын тәннің азығы, Алланың нығметі деп білуіміз керек. Бірақ, көп жағдайда отбасына ас даярлау барысында әйел қауымы азық-түліктің халал-харамдығына мән бермей жатады. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойда сақталады»,- дейді. Тағы бір хадисінде: «Адал жеу – сауап, арам жеу – күнә»,- деген. Олай болса, ішер және ұсынар асымыз қалай әрі неден жасалғанына, құрамына, халал сертификаты бар-жоқтығына мән бергеніміз жөн. Себебі, халал ас жеу – Алланың әміріне бойұсыну», – деген Омарова Айжан халал өнім өндіру технологиясы, тағамдық қоспалардың құрамы мен бөлінісі жөнінде мағлұмат берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда технологтардың қатысуымен Петропавл өңіріндегі кәсіпорындарда аудит жүргізілуде.