Өткен аптада Түркияның оңтүстік-шығысында алапат жер сілкінісі болып, мыңдаған адам көз жұмды. Зілзаладан зардап шеккендерге Түркиядағы қазақстандық студенттер де қолдан келген көмекті жан-жақты көрсетуде. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркиядағы өкілі Жандос Айтбай хабарлады.
ҚМДБ Төрағасы Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Талаба» қауымдастығының Ыстамбұл және Кония қаласындағы өкілдері Қуат Ерғали, Абдурашит Зүннун бастаған бірнеше студент Түркия халқына көмек көрсету үшін Хатай, Қахраманмараш, Газиантеп, Мерсин қалаларында болып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, қаржылық және материалдық көмек көрсетті.
Сонымен қатар елден келген киіз үйлерді құруға да белсене атсалысты.
Түбі бір түркі жұртына қолдау білдіруді көздеген қазақстандық студенттер мен елдегі жекелеген азаматтар және кәсіпкерлер тарапынан жиналған қаражат көлемі 10 миллион теңгені құрайды.