Ұл баланы неше жаста сүндетке отырғызады?

Жауап: Сүндеттеу – Ислам дінінде әрі қазақ дәстүрінде ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Медицина мамандары бұл рәсiмнiң адамның денсаулығына пайдалы әрі сүндеттеу арқылы жыныс мүшесі арқылы жұғатын көптеген аурулардың алдын алуға болатынын алға тартады.

Ал шариғатымыз бойынша ер баланы сүндетке отырғызу –Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.Хадисте бес фитраттың (жаратылыстың) бірі ретінде сүндетке отырғызуды атап өткен.

Шариғатымызда сүндеттеудің уақыты нақты белгіленбеген. Ханафи мәзһабының көптеген ғалымдары «Бахру әр-Райқ» кітабында сүндеттеудің белгілі уақыты жоқ екенін, баланың сүндеттеуді көтере алатын уақыттан бастап балиғат жасына дейін орындала беретінін айтқан.

Қорыта айтқанда, сүндеттеудің уақытын балиғат жасына дейін кешіктірмеген жөн. Шариғатымызда сүндетке отырғызудың нақты уақыты белгіленбегендіктен, баланың денсаулығы сүндеттеуді көтере алуына мән беріледі.