«АЯТУЛ КУРСИДІҢ» ҚАНДАЙ ҚАСИЕТІ БАР?

«Аятул Курси» – Құран аяттарының төресі. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әр нәрсенің шыңы бар. Шын мәнінде, Құранның шыңы – «Бақара» сүресі. Ол сүреде Құран аяттарының төресі бар. Ол – «Аятул-Курси», – деген (Термизи). Бұл аяттың көптеген артықшылығы бар. «Аятул Курсидің» артықшылығын баяндайтын хадистерге тоқталсақ.

1. «Аятул-Курси» оқылған үйден шайтан қашады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бақара» сүресінде Құран аяттарының төресі бар. Оны кім үйде оқыса, ол жерден шайтан қашып шығады», – деген (Хаким).

2. Жәннатқа кіруге әрі келесі намазға дейін Алланың қорғауында жүруге себеп болады. Әбу Умәмәдан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім әрбір парыз намаздан соң «Аятул Курсиді» оқыса, оны мен жәннаттың арасын тек өлім ғана бөліп тұрады», – деген. Басқа хадисте: «Кімде-кім әрбір парыз намаздан соң «Аятул Курсиді» оқыса, келесі парыз намазға дейін Алланың қорғауында болады», – деген.

3. «Аятул-Курси» оқыған адам әртүрлі сиқыр, тіл-көз, жын тиюден аман болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аятул Курсиді» таңертең оқыған пенде кешке дейін, ал кешке оқыған пенде таң атқанға дейін Алла Тағаланың қорғауында болады», – деген (Нәсаи).

4. Ұйықтар алдында оқыған адамды және балаларын таң атқанша шайтаннан сақтайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұйқыға жатқанда «Аятул Курсиді» оқыған адамды таң атқанға дейін Алла Тағаланың сақшысы шайтаннан қорғап шығады», – деген.

5. Ризықтың, берекенің артуына жол ашады. Айша (Алла одан разы болсын) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп үйінде береке жоқтығын айтты. Сонда Алла елшісі: «Сен «Аятул Курсиді» оқымайсың ба? Қандай тағамға «Аятул Курсиді» оқысаң, Алла Тағала оған берекесін береді», – деген.

6. Қиыншылық кезінде Алланың жәрдеміне себеп болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім қиыншылық уақытында «Аятул Курсиді» және «Бақара» сүресінің ақырғы аяттарын оқыса, Алла Тағала оған жәрдем береді», – деген. Сондай-ақ «Аятул Курси» таңғы, кешкі зікірлерде және шариғи руқияда (дем салу) да оқылады.

Қорыта айтқанда, кім бұл аятты жаттап, үнемі оқып жүретін болса, ол адам Алла Тағаланың қорғауында болады. Бұл аяттың әртүрлі жамандықтан, түрлі апаттардан сақтаушы, бәле-жаладан, қайғы-мұңнан арылтушы, ризықтың берекесін жеткізуші және шайтанды аластаушы қасиеті бар. Сондай-ақ бұл аятты оқу арқылы адам мол сауапқа кенеледі.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл