БАС МҮФТИ МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ БАТАСЫН БЕРДІ (ФОТО+ВИДЕО)

Бүгін жылдағы дәстүр бойынша елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде мектеп бітіруші түлектерге арналған рухани кездесу кеші өтті.

Кездесуге қалалық білім басқармасының қолдауымен елорда мектептерінен ерікті түрде 1000-ға жуық түлек қатысты. Алтын ұя мектеп қабырғасынан түлеп ұшып өмір айдынына қанат қаққалы отырған жас түлектерімізге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы насихат айтып, қадамдарына сәттілік тіледі. Қобалжыған бала көңілдерге сенім білдіріп, жас түлектерді Отанымыздың ұлтжанды азаматтары болып өсуге үндеді.

Үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарын Алланың үйінен бастап, үлкендердің ақ батасын алуға асыққан жас түлектерге Астана қаласы ақсақалдар алқасының мүшесі Еркін Тәуешұлы, психология ғылымының кандидаты Алмат Сәбитұлы да насихат айтып, өз құттықтауларын білдірді.

Сондай-ақ, оқушыларға пайдалы кеңестер мен жат ағымнан сақтану жолдары көрсетілген парақшалар таратылды.  Кешке қатысқан мектеп мұғалімдері мен ата-аналар рухани кештің жан-жақты пайдалы болғанын айтып, алғыстарын білдіруде.

Алланың кәләмы Құран аяттары оқылған рухани кеште ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мектеп бітірушілердің болашағы жарқын болсын деп дұға етті.